«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАНА — ОРЫС ТІЛІНІҢ БІЛГІРІ

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма “Қазақстанның орыс қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің филиалымен бірлесе отырып республикалық “Ойсана” байқауының облыстық кезеңін өткізді. Шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.

 

Аталмыш шара қазақ тілінде оқитын жастар арасынан орыс тілі мен мәдениетін жақсы білетін дарындыларды анықтау және қолдау, өскелең ұрпақтың орыс тілін үйренуге деген ынтасын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Орыс тілінде өткен бұл байқауға аудандар мен Петропавл қаласынан 18 бен 22 жас аралығындағы 13 үміткер қатысты.

Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылардың орыс тілінің лексикасы мен грамматикасын білу деңгейлерін тексеруге арналған 25 сұрақтан тұратын тест тапсырмасы берілді.

Екінші кезең эссе жазу және викторина сұрақтарына жауап беру сияқты екі тапсырмадан құралды. Тарқатып айтар болсақ, алғашқы тапсырманың шарты бойынша үміткерлер ұсынылған үш тақырыптың ішінен біреуін таңдап, көлемі үш беттен аспайтын эссе жазулары керек болды.

Екінші тапсырмада қатысушылар орыс тілі, әдебиеті, мәдениеті, салт-дәстүрлері жайындағы 25 викториналық сұраққа жазбаша жауап берді.

Үшінші кезең кез келген жанрдағы мәтінді мәнерлеп оқуға арналды. Осы сынақтарда өз білімдерін дәлелдегендер арасында Альмира Әбішева (Қызылжар ауданы), Әлия Бекентай (Тимирязев ауданы) және Зульфия Ыбыраева (Аққайың ауданы) үшінші орынға ие болды. Жамбыл ауданынан келген Дамира Жусиева және Тайынша ауданынан қатысқан Айжан Мырзабек екінші орынға тұрақтады. Петропавлдық Дана Қапбасова 49,5 ұпай жинап, орыс тілінің білгірі атанды.

Облыстық кезеңнің жеңімпазы республикалық байқауға жолдама алды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: байқау жеңімпазы Дана Қапбасова.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp