«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАНА – ТІЛ ЖАНАШЫРЫ

“Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының” күйін кешіп жүргенімізге де біраз болды. Жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырмай, көшедегі көзді сүріндіретін жарнамалардағы қателерден арылудың жолын іздеп, белін бекем буып күресіп жүрген жандарды кездестіргенде қуанасың. Солардың бірі – Петропавлдағы қазақ-түрік лицейінің оқушысы Дана Жұманова. Көшедегі самсаған жарнамалардағы қателерден құтылу үшін ол “Ұлт тірегі” атты қоғамдық ұйым құрды.

– Бұл лицей директоры Ержан Әубәкіров пен қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі Асыл Ысқақова апайымыздың идеясы болды. Олар аталмыш бірлестікті құрып, оған жетекшілік етуді маған жүктеді. Ұйымның “Ұлт тірегі” деп аталуында да өзіндік мән бар. Біздің негізгі мақсатымыз – ананың сүтімен бойымызға дарыған ана тіліміздің қоғамда дұрыс қолданылуын қадағалау. Өйткені, пікір тудыратын да сол орта, – дейді Дана.  

Бүгінде Дана жетекшілік ететін ұйымның онға жуық мүшесі бар. Олар маңдайшасына “Ұлт тірегі” атты жазуы бар “Күш – бірлікте!”, “Бізге қосылыңыз, қаламызды бірге жақсартайық!” атты үндеулері бар түрлі түсті парақшаның екі мың данасын шығарып, қала тұрғындарына таратты. Сондай-ақ, қаланың қақ ортасындағы Мир, Абай, Тоқсан би көшелерін аралап, ондағы атаулардан жүзге жуық қате тапқан. “Мені көрдің бе?” дегендей, бетке ұрып тұратын олқылықтарды лезде суретке түсіріп, оны ғаламтордағы “В контакте” және “Инстаграм” желілеріндегі “Ұлт тірегі” тобына салып, көпшілікке жариялапты. Аралап шыққан үш көшеден осыншама сауатсыздықтың бой көрсетуіне Дана, ең алдымен, сол мекемелердің, ғимараттардың иелерін, екіншіден жарнама агенттіктерін кінәлайды. Өйткені, жарнамалардың көпшілігі орыс тілінде жазылып, түпнұсқасы қазақшаға аударылғанда түрлі келеңсіздікке тап болатындығын айтады. Бұл тұста қазақ тілінің аударма тіліне айналып отырғанына бейжай қарамай, том-том болып жарық көрген кітаппен емес, ғаламтордағы сапасыз сөздікпен тексеретіндеріне қынжылысын білдірген Дана осы мәселемен облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастика бөліміне барып, шағымданғандығын жеткізді.

– Менің өз елімнің патриоты ретінде айтқан өтініштерім басқарма тарапынан ескерусіз қалса да, жұмысымды жалғастыра бердім. Әлеуметтік желілерге жарияланған ғимараттарды жиі аралап тұрамыз. Бүгінге дейін екі қате жөнделді. Олардың бірі “Сокол” дүкенінің маңдайшасындағы жазу болса, екіншісі сол дүкеннің жанында орналасқан “Гүлдер” үйі, – дейді Дана.

Халқымыздың болашағы, тіліміздің келешегі жолында атқарып отырған бұл ісін өзі “қанатымен су сепкен қарлығаштың әрекетіндей-ақ” көрсе де, ет-жүрегі елім деп, қаны тілдің тазалығына тартып, бүйрегі соған бұрып тұрған қаршадай қыздың кез келген адамның қолынан келе бермейтін бұл игі ісін, іргелі әрекетін қалай құптамасқа?!

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp