Қараша айынан бастап облыстық салық департаменті мен кедендік бақылау департаменті қосылу жолымен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті болып құрылды. Сондай-ақ, оған бұрынғы экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес жөніндегі департаменттің бірқатар міндеттері берілді. Өтер жылдың қаржы саласындағы оң өзгерістерінің бірі болып табылатын осы жаңа құрылымдау жайлы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Данияр Жанәліновпен сұхбаттасуымыздың сәті түсті.
– Данияр Еренғалиұлы, алдымен осы түбегейлі өзгерістердің мақсатына тоқталып, оның қандай міндеттер жүктейтінін айтып берсеңіз?
– Биылғы жылдың тамыз айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елде әкімшілік реформа жүргізілетіні туралы хабарлады. Ал оны жүзеге асыру барысында Кедендік бақылау комитеті мен Салық комитетін біріктіру қажет болды. Сөйтіп, екі мемлекеттік органның қосылуы нәтижесінде мемлекеттік кірістер комитеті құрылды. Жаңа құрылым фискалдық міндеттер атқаратын және құқық қорғау өкілдігі берілген азаматтық ведомство болып табылады.
Мұндай реформаның басты мақсаты бизнеске әкімшілік салмағын нақтылы төмендетуді және азаматтар тарапынан мемлекетке деген сенімді арттыруды көздейді. Мемлекеттік кірістер комитетін құрудағы оң істер салық төлеушілерге көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту, салық алымдары мен кедендік төлемдерді арттыру, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар және салық төлеушілер бойынша бірыңғай ақпараттық база құру, көлеңкелі экономикаға қарсы тиімді әрекет ету болып табылады.
Енді біздің негізгі міндетіміз салық пен кедендік төлемдерді жинаумен және өндіріп алумен ғана шектелмейді, табысты бизнес-орта құруға ықпал жасаймыз, онда әрбір төлемші өз еркімен және өздігінен салық төлемін жасайды. Бизнестің бұдан әрі де ашық, әділ және дұрыс бәсекелік ортада дамуына жағдай туғызамыз, кәсіпкерлер құқын толық қорғауды қамтамасыз етеміз.
Салық және кеден қызметтері жеке жұмыс істеген кезде адал салық төлеушілер екі еселенген әкімшілік жүктемені сезінетін еді, бұл тексерулердің, есеп беру түрлерінің және ақпараттық жүйедегі деректердің қайталануы болды.
Сонымен бірге, бізге экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес жөніндегі департаменттің экономикалық және қаржылық қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге, ашуға және тергеу жүргізуге қатысты міндеттері берілді.
– Осы жерде департаментке кедендік бақылау органы мен қаржы полициясының қандай міндеттері енгенін толығырақ түсіндіре кетсеңіз?
– Біздің жаңа мемлекеттік кірістер құрылымы үш бағытта жұмыс жүргізеді. Олар – салықтық және кедендік әкімшілдендіру, сондай-ақ, экономикалық тергеу қызметі. Салық және кеден қызметінде әкімшілдендіру және мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері топтастырылған. Мемлекеттік кірістер органдарының кедендік қызметінде тауарлар қозғалысы шарттарын сақтай отырып, кедендік рәсімдеулерге бақылау жүргізуге, транзиттік тасымалды реттеуге байланысты жұмыс жүргізіледі. Былайша айтқанда, бұрын кеден органы айналысқан барлық міндеттер енді мемлекеттік кірістер органына көшті.
Ал экономикалық тергеулер қызметінде барлық құқық қорғау жұмыстары топтастырылатын болды, оған ең алдымен салық пен төлемдер аясындағы контрабандалық және экономикалық қылмыстарға байланысты қылмыстық істерді тергеу мәселелері енеді. Экономикалық тергеу қызметі өз жұмысының түп қазығына құқық бұзушылықтың алдын алуды және бюджетке салық пен төлемдердің түсуін қамтамасыз етуді қояды. Бірақ мәжбүрлеу мен жазалаудың мемлекеттік тетіктерін қолданудан бас тартады.
Осы үш органның бірігуі нәтижесінде күтеріміз көп, алдымен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар және салық төлеушілер бойынша бірыңғай деректер базасын құрамыз. Сондай-ақ, бір жерден толық әрі сапалы кедендік және салықтық мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Департаментте жаңа тексеріс жүйелі енгізіледі, бұл – тексерілетін салық төлеушілерін іріктеу автоматтандырылады деген сөз, яғни тәуекелдерді басқару жүйесі енгізіледі. Тауарларға өткізушіден тұтынушыға дейін күшейтілген бақылау қою жолымен әкімгершілік жұмысы жақсартылады. Сол сияқты көлеңкелі экономикаға тосқауыл қоюдың тиімділігі артары сөзсіз.
Мемлекеттік кірістің тұтас құрылымына қосылған аталмыш қызмет бағыттарына кеден мәселесінде Оразғали Дарбаев және құқық қорғау мәселесінде Қонысбек Ыбыраев сияқты білікті мамандар басшылық етеді.
– Жаңа құрылымдаудан өткен бір жарым айдың ішінде қандай мәселелерге баса назар аударылды?
– Әрине, шамамыз келгенше өзекті мәселелерге көңіл аударуға тырыстық. Жүргізілген камералдық бақылау нәтижелері көрсеткеніндей, өңірдің көптеген кәсіпорындары мен ұйымдарында салықтық жүктеменің 1 пайыздан аспайтын төмен коэффициенті байқалады. Әсіресе, мемлекеттік сатып алу бойынша салық алымы түсімдері көңілден шықпайды. Олардан түсетін салық түсімі патент бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлердің – 2 пайыз және жеңілдетілген декларациямен жұмыс жасайтындардың 3 пайыз салық алымы төлемдерінен де төмен.
Мемлекеттік кірістер департаментінің басты мақсаты – бюджетке түсетін қаражаттың толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті қолдай отырып, облысқа инвестициялар тарту, өндірістік қарым-қатынастарда шынайы бәсекелестіктің енуіне ықпал ету болып табылады. Алайда, жоғарыда айтып өткенімдей, мәжбүрлеу мен жазалаудың мемлекеттік тетіктерін қолданудан аулақпыз. Оның есесіне түсінік беру, әңгімелесу жұмыстарын жандандырып отырмыз. Борышкерлердің салық қарыздарын есіне салып, ескерту қағаздарын жібереміз.
Қалай болғанда да заңды бизнесті оны бұрмалайтындардан қорғауға тырысамыз. Ол елдің әлеуметтік жағдайын жақсартады, салық тәртібі сақталса, өндіріске дұрыс инвесторлар келеді және жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазір жеке тұлғалармен жұмыс күшейтілді. Олардың мүлік, жер және көлік салықтарына бақылау жүргіземіз. Ондағы біздің ұстанымымыз “Салық төлемінде әділдік болуы керек” дегенге саяды. Сонда ғана бір деңгейлі нысандар үшін байқала қоярлықтай салық төлемі айырмашылығы болмайды. Мысалы, екіқабатты коттедж үшін біреу 60 мың теңге салық төлесе, дәл осындай үйге басқа біреу неге 6-ақ мың теңге төлейді? Ал қымбат көліктерін мүгедек туысқандарына тіркеп, салықтық жеңілдік алатындарға жол бермеу керек. Сол сияқты, өтелмеген салықтарды өндіруге күш салып отырмыз.
– Олай болса, осы жылғы бюджетке түскен салық пен төлемдер түсімі жайында да айта кетсеңіз, дұрыс болар еді?
– Иә, қаржылық жылдың аяқталуына бірер күн ғана қалды. Жылдық жоспарлы болжам межесінен шығуға ұмтылып отырмыз. Нақтылап айтар болсам, республикалық бюджет түсімі 100,2 пайызға орындалып, жоспардағы 27 195 349 мың теңгенің орнына 27 240 765 мың теңге түсім түсті. Алайда, әзірге жергілікті бюджет жоспарын 91,4 пайызға орындадық, яғни алдағы аз ғана күннің ішінде 2,5 миллиард теңгеге жуық түсім түсіруіміз керек. Қазір бар күшімізді соған жұмылдырдық. Жыл аяғы белсенді қаржылық есеп айырысу кезеңі ғой, көздеген межеден көрінуден үмітіміз бар. Әрине, ол үшін барлық резервті іске қосып, салық төлеушілермен белсенді жұмыс жүргізудеміз.
– Кадр мәселесінде қандай өзгерістер бар? Олар қызмет бағдарларына қарай қайда және қалай орналасты? Қайта құрылымдау қала мен аудандар деңгейінде қалай жүргізілді?
– Қайта құрылымдауға байланысты айтарлықтай проблема туындаған жоқ. Кедендік бақылау қызметі бұрынғы өз ғимаратында және онда құқық қорғау қызметкерлері де қоныс тапты. Кадр мәселесінде сөз етерліктей үлкен өзгерістер болған жоқ. Аталмыш қызметтердің мамандары бұрынғысынша өз міндеттерін атқарып жатыр. Бірақ оларға қойылатын талаптар ауқымы кеңіді, барлық көрсетілетін қызметтер деректері электрондық жүйеге көшірілуде. Халықаралық тәжірибенің негізінде мемлекеттік кірістер комитетінің орталықтан, облыстан және ауданнан тұратын үш деңгейлі құрылымы жасалды, оның жаңа функционалдық міндеттері бар. Аудандық деңгейдегі құрылымнан бақылау функциялары алынып, салық төлеушілерге сервистік қызмет көрсету функциялары қалады. Жаңа жылдан бастап барлық жүйеде электрондық сервис қызметін пайдалану кең өріс алады.
Ал енді аудандар деңгейіндегі қайта құрылымдау туралы айтар болсам, кеден бекеттері бар қаладағы және екі аудандағы салық басқармаларымен бірлесіп жұмыс жүргізуде, қалғандары бұрынғысынша салық қызметін көрсетуді жалғастыруда.
– Аз ғана уақыттың ішінде бірталай келелі мәселелерге назар аударып, жаңа талап тұрғысындағы міндеттерге икемделіп қалғандарыңыз байқалады. Туар жылғы бағыт-бағдарларыңыз қандай?
– Бағыт белгілі, “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында көрсетілген жаңа экономикалық саясаттың шағын және орта бизнесті қолдауға және дамытуға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырамыз. Бұдан былай кәсіпкерден тек салық пен кеден төлемдерін алып қана қоймай, салықты жеңіл әлі қолайлы жолмен төлеу тәсілдерін қолданып, сәтті әрі табысты бизнесорта құруды көздейміз. Сондай-ақ, кәсіпкер ашық және әділ жұмыс істеуге ұмтылар болса, оның өз құқықтарының толық қорғалатынына сенімді болатындай жағдай жасау – біздің міндет.
Туар жылда бастаған істерімізді одан әрі жалғастырып, облыс салық төлеушілеріне сапалы қызмет көрсету ойымыз бар. Алдағы жылы қаржы нарығы тұрақтанып, өңірдің экономикалық дамуы өрістей түссін деймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.