«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАРАҚЫЛЫҚ ПЕН ДАҚПЫРТ

Түлектердің қолға аттестат алып, “Қалайша қиямыз, ұшырса ұямыз?!” деп, мектеп тамамдайтын күні, сән-салтанатпен атап өтетін мектеп бітірушілер кеші жақындап келеді. Дегенмен, жастардың тойдың қамына ерте бастан-ақ кірісетіні жасырын емес. Қазіргі таңда қоғамда бұл кешке қатысты қарама-қайшы пікірлер айтылуда.

Біреулер бұл күнді есте қаларлықтай дүркіретіп атап өткен жөн десе, екіншілері дарақылыққа жол бермеу керек екенін алға тартады. Назарларыңызға Алтынбек Дәулетов пен Райгүл Ілиясованың арасында осы тақырыпта өрбіген диалогты ұсынамыз.
Алтынбек Дәулетов:
– “Тарыдай болып кіріп, таудай болып” шығатын білім ордасының адам өміріндегі рөлі зор. Мектеп қабырғасында өткен керемет күндер, бар білгенін шәкірттеріне үйретуден жалықпайтын мұғалімдер, сырлас сыныптастар – бәрі-бәрі оқушыға ерекше ыстық. Мектеп бітірушілер кеші сол естеліктерді санада жаңғыртып, ұстаздарға, ата-анаға алғыс айтуға қолайлы сәт. Сонымен қатар түлектердің алдында сыры мен сыны көп үлкен өмір тұрғандықтан, алдағы уақытта олардың басы қосылуы екіталай. Сондықтан бұл кешке қанша қаражат жұмсаса да артықтығы жоқ.
Райгүл Ілиясова:
– Әлбетте, мектеп бітірушілер кеші – қуанышты сәт. Сондықтан оқушылар осы күнді дүркіретіп тойлайды. Кешті ұйымдастырған кезде ысырапшылдыққа жол бермеу қажет. Түлектердің “Лимузинмен” қыдыруына және қыруар ақша жинап, кешті шоуға айналдыруға өз басым қарсымын. Иә, салтанатқа түбегейлі тыйым салудың қажеті жоқ. Бірақ түлектердің бұл сәтті бәсекеге айналдыруы белең алып бара жатқандай. Жастардың “Біздерде мынадай бар, мынадай бар!” деп, қымбат автокөлік жалдап, бағасы шарықтап тұрған көйлек сатып алып, мақтаншақтыққа жол беретіні көңілге кірбің түсіреді. Бұл, ең алдымен, ата-ананың қалтасына салмақ. Мәселен, қазір мейрамханаға бару әр адам басына кемінде сегіз-он мың теңгеден шығады. Ер баланың бастан-аяқ киінуіне 50 мың теңге жұмсалады десек, ал бойжеткеннің шығыны, тіпті, көп.
Алтынбек Дәулетов:
– Қаржы жағынан қиындық көрсе, оқушы мектеп бітірушілер кешіне бармай-ақ қойсын. Дегенмен, өмірде бір-ақ рет келетін мұндай сәттен ақша аяуға бола ма?! Қиындық көрмес үшін бұл күнге ерте бастан дайындалу керек. Қазір түлектердің кештен кейін үй жалдап, тойды сонда жалғастыратыны бар. Міне, сол жерге бару артық. Ал ата-ана, ұстаздар және түлектер бір дастарқан басына жиналып, бұл күнді есте қалатындай өткізудің тәрбиелік мәні де зор.
Райгүл Ілиясова:
– Қыз-жігіттер кешке барудан бас тартып жатса, бірге оқыған құрбы-құрдастарының алдында ұятқа қалатыны белгілі ғой. Ата-аналар да балаларының қатарынан қалмауы үшін аянып қалмайтыны белгілі. Десе де, нарық заманында тұрмыстық жағдайдың ескерілгені де жөн.
Алтынбек Дәулетов:
– Мен білім алған мектеп аталмыш кешке баруға материалдық тұрғыда қиналған түлектерге қолдау білдірді. Бір-екі жолдасымыздың киімін сатып әпермесек те, мейрамханадағы орынға, асабаға қажет ақшасын бөліп төледік. Кешімізді дүркіретіп жасағанымызды да жасырмаймын. Есесіне өмірде есте қалатындай қуанышқа бөленіп, естелік суреттерге түстік.
Райгүл Ілиясова:
– Той жасағанша, соған жұмсалатын қаражатты ертеңгі күннің игілігі үшін садақа ретінде берген абзал. Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің. Мәселен, былтыр Маңғыстау облысындағы Ақшұқыр ауылының 45 түлегі мектеп бітірушілер кешінен бас тартып, 400 мың теңгені қатерлі ісікке шалдыққан бүлдіршіннің еміне жинап берді. Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы №75 орта мектеп түлектері Тасарық ауылындағы әлеуметтік орталықта тәрбиеленетін мүгедек балаларға сыйлықтар тарту етіп, қуаныш сыйлапты. Ақшаны босқа шашпай, қайырымдылыққа жіберу – қашанда сауапты іс. Біздің өңіріміздің жастары да қатарластарынан үлгі алса екен.

Дайындаған Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp