Қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шұқыркөл деген шағын ауылында дүниеге келіп,
өмірін күллі қазақ халқының бақытты болашағына арнаған Жұмағали Тілеулиннің есімі жерлестерімізге жақсы таныс. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақтың ақжүрек, адал ұлдарымен бір қатарда жаңа өмір, ұлт теңдігі, тәуелсіздік ұранымен өскен ардақты азаматтың туғанына биыл 125 жыл толып отыр. Осыған орай облыстық мұрағатта қайраткерге арналған “Жұмағали Тілеулин” атты кітаптың тұсаукесері болып өтті. Өңір тарихшылары мен ғалымдарының, ұстаздар мен студенттердің басын қосқан жиында Жұмағали Тілеулиннің қайраткерлікке толы өнегелі өмірі әсерлі естеліктер арқылы айтылып, жиналғандарды айрықша ықыласқа бөледі.
Жұмағали Тілеулиннің қасиетті Қызылжар өңіріндегі ат төбеліндей қазақ арасынан шыққан алғашқы денсаулық сақтау мамандарының бірі болғандығы, өңір тарихы және мәдениетінің жанашыры әрі көсемсөзші ретіндегі қызметі жайында әсерлі сөз сабақтаған облыстық мұрағаттың директоры Сәуле Мәлікова аталмыш кітаптың бұрын еш жерде жарияланбаған тың мәліметтерге бай екенін тілге тиек етті.
– Біз ел үшін елеулі еңбек сіңірген айтулы тұлға туралы көп білетін сияқтымыз, бірақ оның жарқын бейнесін танытатын туындылар өте аз. Кітаптың мазмұнының терең болуы үшін көп іздендік. Бірқатар тың құжаттарды Ресейдің Омбы тарихи мұрағатынан алдырдық. Одан өзге саяси қуғын-сүргінге ұшырағандығы жөнінде жазылған деректерді Ұлттық қауіпсіздік комитетінен сұраттық. Бұл кітап болашақта дара тұлғаның қилы өмір жолын, тауқыметті тағдырын оқимын, зерделеймін деген жас ұрпақ өкілдеріне таптырмас зерттеу әрі тәрбие құралы деп ойлаймын, – деді Сәуле Мәлікова.
Сондай-ақ, шара барысында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессорлары Зарқын Тайшыбай мен Ақмарал Ибраева сөз алып, Ж. Тілеулиннің әлеуметтік өмір салаларын қамтыған мақалалары, Жұмағали мен марғасқа Мағжан ақын арасындағы жақындық, оның қаламынан туған көркем шығармалары туралы баяндады. Халық денсаулығы үшін жанын сала еңбек еткен қайраткердің медицина ісін ұйымдастырудағы еңбегі де назардан тыс қалмады.
Жиын соңында шараға қатысушылар “Жұмағали Тілеулин – ұлт мақтанышы” атты кітап көрмесін тамашалап, заман көшін алға бастап, ұлт жүгін қайыспай арқалай білген дара тұлғаның шығармашылық жолына тағы бір мәрте қаныға түсті.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
