Тірліктің күзі мен көктемінен, ыстығы мен суығынан, қуанышы мен мұңынан өзгелерге ұқсамайтын өзгеше өрнек табу өлең сүйген жандардың ғана еншісіне бұйыратын бақ. “Көңілдің кейбір сәттерін” ақ параққа жайып салып, өлең өлкесіне жол тартып келе жатқан жандардың бірі, жерлесіміз – Күләйхан Рахмет. Ол Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында өткен “Еркелет мені…” атты жыр жинағының тұсаукесерінде бекзада өнер – өлеңнің екінің бірінің маңдайына бұйырмайтынын дәлелдей түсті.
Күләйхан Рахмет біздің өңірімізге сонау Қытайдың Көктоғай ауданынан келген. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін халықаралық журналистика мамандығы бойынша тамамдаған. Осы уақытқа дейін бірнеше газет-журналда жауапты қызметтер атқарған жас ақынның бұл алғашқы жыр жинағы. Лирикалық, патриоттық тақырыптарда жазылған жүзден астам өлеңі топтастырылған жаңа кітаптың тұсауын Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым Зарқын Тайшыбай кесіп, жүрекжарды лебіздерін арнады. Зарқын Сыздықұлы кеш иесіне М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Серік Өмірбаевтың Алғыс хатын табыс етті.
Поэзия – адамды ізгілікке, жақсылыққа, тазалыққа үндейді. Оны кеш барысында Күләйханның өлеңдерін нақышына келтіріп оқыған облыстық ақындар орталығының шәкірттері дәттей түсті. Жанат Айтбаев, Біржан Есжан, Еркебұлан Қарыпов сынды дәстүрлі әншілер орындаған туындылар да кештің мазмұнына мазмұн қосты. Алматыдан ат арытып келген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұратхан Шоқанның, көкшетаулықтар: Мерген Тоқсанбай мен Қуаныш Оспановтың оқыған өлеңдерін жұртшылық ықыласпен қабылдады.
Күләйхан Рахметтің жыр кітабында:
“Елден өзге мен болам парқымды біл,
Сондықтан да өзгеше менің мұңым”, –
деп өрілген сәтті жолдар жиі ұшырасады. Ақиық ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, “әрбір сыздаған жараның аузында болып, бүкіл адамзаттың мұңын, қайғысы мен қуанышын жүрек сүзгісінен өткізуді” мақсат тұтқан, Мұқағали Мақатаевша айтсақ, “қара тастан да мейірім күтетін” заман мен қоғамның, адам мен табиғаттың қалтарыстағы талай сырларын қапысыз жырлағысы келген жас ақынға сәттілік тіледік.
Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.