«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Дарындылардың мүмкіндігі шексіз

Петропавл қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар шығармашылығының облыстық фестивалі өтті. Өңірімізде жыл сайын өткізіліп келе жатқан шараға аудандар мен облыс орталығынан 50-ден астам өнерпаз жиналды.

– Мұндай шара мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық әлеуетін көтеріп, алдағы уақытта өнерлерін одан әрі шыңдауға ықпал ететіні сөзсіз. Жыл сайын бұл фестивальға қатысатын өнерпаздардың саны артуда. Олардың барлығы талантты және олар облыс көлемінде өтетін жиындарға жиі қатысады, – деді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының бас маманы Аягөз Әубәкірова.

Сахна төріне шығып, өнер көрсетуді бала кезінен армандаған 15 жасар Владислав Добоштың да мақсаты орындалды. Жыл сайын өңірде өткізілетін түрлі шараларға қатысып, ән шырқап жүрген Владислав қозғалуы қиын болса да, үнемі көңілді әндер орындайды.

– Бүгін мен сүйікті әнім “Художникті” шырқадым. Ол залда отырған әр адамға жақсы көңіл-күй сыйлағанына сенімдімін. Өйткені, оның әуені өте көңілді. Бірақ өзіме лирика ұнайды, – дейді Петропавлдағы тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған интернат-үйінің тәрбиеленушісі Владислав Добош.

Қатысушылардың өнерін көрермен қауым жылы қабылдап, қошеметін аямады. Сонымен қатар, бұл күні қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті. Оған қойылған заттардың барлығы мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан.

Айкерім ЕРЖАНОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp