«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Дарындылықты анықтау

Білім мен ғылымды дамытып, еліміздің абыройын асқақтатып, дүниеге танытатын – жеке тұлғалар. Олар біз тәрбиелеп жатқан дарынды балалардан шығады. Сабақты үздік оқитын баланың бәрі дарынды емес. Дарынды баланың ақыл-ойы, дербестігі, шығармашылық іс-әрекеті жоғары болады. Ол болып жатқан іске қанағаттанбайды, өздігінен ізденіп, жаңа іс-әрекеттер жасайды. Мұндай баланы дер кезінде танып, бағыт-бағдар беру, көмек көрсету – әр ұстаздың міндеті. Дарындылық негізі – ізденіс пен белсенділік.

“Дарынды бала” өзгеше ойлайды, көп көлемде білім меңгереді және оны ұмытпайды. Ерекше сезімтал, ықылас қойған нәрсесін, тақырыбын негізгі мәселе етіп қояды. Дамуы шапшаң, ойға жиі берілгіш, қиялы басым келеді. Адамгершілік сезімдері ерте дамыған, моральдық қасиеттері жоғары болады. Жалпы олимпиадалар, көрмелер, зертханалық жұмыстар, техника апталықтары, басқа да шығармашылық істерге қатысу, түрлі байқаулар өткізу дарынды балаларды анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ, дарындылықты анықтаудың бірнеше түрін ұсынғым келіп отыр.

Мәселен, “Ақпаратты қабылдау” тренингінде оқушыларға бес бағаннан тұратын кесте беріледі. Олар аңдар, құстар, ағаштар, гүлдер, ыдыстар бағандары. Жүргізуші осы топтарға жататын отыз бес сөзді тез оқиды, оқушылар бұл сөздерді шапшаң айырып, қажетті қатардың астына жазып отырулары қажет. Екінші рет тағы да қайталанып оқылады да, бір минут уақыт беріледі. Кейін баған атауына сай барлығы неше сөз жазылғаны саналады. Егер жазылған сөздердің саны 32 және одан артық болса ақпарат қабылдауы – өте жақсы, 31-29 сөз жазылса – орташа. 28 сөзден аз болса ақпарат қабылдауы төмен деңгейде екенін білесіз.

“Мюнстенберг әдістемесі” де тұлғаның зейінін анықтауға бағытталады. Мәселен, төменде берілген әріптердің арасында сөздер жасырылған. Оқушы тез арада әріптер арасынан сөздерді тауып, астын сызып шығуы қажет. Вншағашшедышыршанеодарынжаотанмдлоқуогшнәтижелпджылолдмектеплолғылымопдәлеуметлдоқушыолплкөрушгдзейінжджэхз осылай жалғасады. Оқушылар астын сызып үлгерген сөздерін санайды. Барлық сөздер саны – 29 болуы тиіс. Егер 29 сөздің 100 немесе 95 пайызын жинаса – зейіні жоғары, 94-89 пайыз болса – орташа және 88 пайыздан аз болса төмен екенін білдіреді.

“Қабілетті анықтау” жаттығуында төмендегі әріптерден басталатын бес сөзі бар бірнеше сөйлем құрау тапсырылады. Мысалы, Қ-Б-С-А-Т әріптерінен сөйлем құрастыру керек. (Қайсар Бақтан Сәбіз Алып Таратты). Сөйлемдегі ой аяқталып, мағынасы болуы тиіс. Сөздер дұрыс жазылуы қажет және басқа әріптен басталатын сөздерді қосуға болмайды. Оқушы қаншалықты көп сөйлем құрастырса, сөздік қоры соншалықты бай болғаны.

Назгүл БАЛАҒАНОВА,

қазақ мектеп-гимназиясының

математика пәнінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp