«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАРЫНДЫ БАЛА – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек” деп ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бүгінгі бәсекеге қабілетті кезде мемлекет алдындағы басты міндет білім жүйесін жаңарту арқылы мектеп оқушыларына әлемдік деңгейден қалмай білім беру, сөйтіп XXI ғасырдың заманауи талаптарына сай келетін құзыретті ұстаздар мен жастарды дайындау болып отыр. Білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстаздан бұрынғыдан да үлкен жауапкершілік пен өз ісіне шеберлікті талап етеді.

Кембридж бағдарламасы бойынша өзім оқыған деңгейлік курстарда айтылған білім берудің философиясы, бала жанын түсінудің, оның оқуын жақсартудың психологиялық аспектілері, соның ішіндегі “Дарынды және талантты балаларды оқыту” модулінің идеялары мектептің және мұғалімдердің тәжірибесіне сүбелі өзгерістер әкелгені рас. Жаңашылдыққа сын көзбен қарасақ та, дарынды, талантты балаларды дамытуда өз мектептеріміз бен сыныптарымызда қажетті шаралардың аздығы мен жеке жұмыстың жүйесіздігін мойындаймыз. Әрбір мұғалім өздігінен білімін жетілдіріп, жан-жақты ізденетін болса, заман талабына сай ақпараттық технологияны еркін меңгерсе, алынбайтын қамал жоқ.

Алдымызда отырған әр оқушыны жеке тұлға деп танып, оған үлкен үміт арту, оны өз оқуына жауапты ету оқушыны тәуелсіз оқуға итермелейді. Оған үнемі бағыт-бағдар бере бермей, өз бетімен оқи алатын дербес тұлғаға айналдыруымыз керек. Бала бойындағы қабілеттіліктерді бақылау, жалпы дарындылықты анықтау, дамыту аса шеберлікті қажет етеді. Өз тәжірибемде есте сақтау қабілеттері өте жоғары, ақпаратты біліп қана қоймай, оны пайдалана және реттей алатын, ақпаратты өз бетімен толықтыратын, басқаларға қарағанда ойлау қабілеттері жақсы дамыған, оқуда және проблемаларды шешуде жол табатын, күрделі ойын мен тапсырмаларға ұмтылатындарға басымдық беремін. Осы қасиеттерге ие балалар сыныптастарынан өзгеше тапсырмаларды қажет етеді.

Меніңше, балалардың бойындағы дарындылықты, талантты сыныптан тыс іс-шараларда, сабақ кезінде байқауға болады. Мектептің дарынды балалармен жұмыс жоспары талантты баланы іздеп табуға және іріктеуге, тереңдетілген бағдарлама бойынша (жеке, топтық, жұптық) оқытуға, жүйелі түрде қосымша сабақтар өткізуге, проблемалық оқыту әдістерін (реферат, баяндама, кроссворд, ребус, шығарма жазу, өлең шығару, т.б.) пайдалана отырып, өз бетінше ізденуге, Шаталовтың әдіс-тәсілін пайдалана отырып оқытуға бағытталған. Дарынды балаларды анықтау және олармен іс-әрекетті ұйымдастыруда жұмыс істеуге қабілетті, шебер мұғалімдер анықталды. Қабілетті оқушылармен жұмыс жүргізетін мұғалімдер тобына жетекші бекітілді.

Оқушылар арасынан дарындысын анықтау кезінде бастауыш сынып мұғалімдерімен кеңесе отырып, қабілеті өте ерекше оқушылар тізімі жасалады. Пән мұғалімдерімен (сынып жетекшілерімен) қабілетті не айрықша өнері, бейімі бар оқушылар іріктеледі. Мектепішілік жарыстарда, олимпиадаларда, т.с.с. байқауларда жеңімпаз оқушылар (бағытына қарай) топтастырылады. Оқушылардың білім деңгейлерінің стандарттық өлшемнен ерекшелігі (игеру қабілеті) анықталады. Өз тәжірибемнен байқағаным, бастауыш сынып оқушыларының пәнге қызығушылығы мен шығармашылық қабілеттері басым келеді. Осы жағын ескеріп, дарынды оқушыларды іріктеп, өз сабағымда шығармашылық бағыттағы жұмыстарды түрлендіріп (түрлі тақырыптарда шығарма, эсселер жазу, суреттер салу, ребус, кроссвордтар құру), өлең шығаратын оқушылармен жеке жұмыс жүргіземін. Көркем әдебиет, газетжурналдар оқуға тартамын.

Оқылған шығармалар туралы өз ойларын бірінші ауызша, жазбаша, т.б. тәсілдерді қолданып, мазмұндатып, әр оқушының қабілеті мен деңгейіне сай жазба жұмыстарын жүргіземін. Топтық жұмыста мәтінді оқытып, оған ауызша, жазбаша ой-пікірлерін жаздырып, кейіпкерлерге мінездеме бергіземін. Оқушылардың жазған жұмыстарын сынып болып талдап, қайталанып кеткен сөздерге синонимдер тапқызып, жұмыстарының мазмұны мен көркемдігіне талдау жасап, өңдеп, қайта жаңғырту жұмыстарын жүргіземін. Дарынды оқушылармен жан-жақты жұмыс жүргізу арқылы олар өздері таңдаған пәндері бойынша қызықтыратын сұрақтарына жобалар жазады. Пәнге деген қызығушылықтары, білім сапасы жоғарылайды, шығармашылық қабілеттері артады. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі болғандықтан, өз тәжірибемде дарынды оқушылардың тіл байлығын молайтуға көп көңіл бөлемін. Мысалы, 7 “б” сыныбында Владимир Куштан, Амина Сарыбай деген дарынды оқушыларым бар. Оларды қазақ тілінде өтетін сыныптан тыс іс-шараларға қатыстырып, ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқуға баулимын.

Кезінде бір ойшыл: “Тәрбиелеуде мұғалімнің өзінің не біліп, не істейтіні маңызды, бірақ оның ықпалымен шәкірттерінің не біліп, не істейтіні одан да маңыздырақ. Мұғалімдер, міне, осынысымен бағаланады” деген екен. Әрбір ұстаз дарынды балаларды жетілдіріп, дамыта алса, ХХІ ғасырдың жан-жақты зерделі, дарынды, талантты адамын қалыптастыруға зор үлес қосары сөзсіз.

Роза ҒАЗИЗ,

Златогор орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті

пәндерінің мұғалімі.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp