«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАРЫНДЫ ДАРИНА

Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы, жерлесіміз Дарина Батенова Астана қаласында өткен республикалық “Зерде” байқауына қатысып, жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Еліміздің барлық өңірлерінен қырыққа жуық үміткер бағын сынаған байқауда ол “Отандық туризмді дамытудың тиімді жолдары” тақырыбын ұсынды.

– Аталмыш тақырыпты таңдауымның өз себебі бар. Кішкентай кезімнен жазғы демалысты қайда, қалай өткізу туралы көп ойланатынмын. Сондықтан да өңір оқушылары арасында сауалнама жүргіздім. Менің сауалыма жауап бергендердің көбі демалыстарын Түркия мен Нидерланды елдерінде өткізгісі келетіндіктерін жасырмады. Олар Қазақстанда туризм саласының кенжелеп қалғандығын тілге тиек етіп, демалыс орындарындағы қызмет құнының қымбат екендігін айтты, – дейді Дарина.

Оның жастардың пікірлерін негізге ала отырып, еліміздегі, әсіресе, облысымыздағы туризмді жандандыруға қатысты зерттеуі жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Келтірген ұтымды дәлелдері, мәйекті мысалдары есімдері елімізге белгілі ғалымдардан құралған қазылар алқасының мүшелерінен жоғары баға алыпты.

Дарынды Дарина одан өзге “ЭКСПО – 2017” қалашығы туралы бейнеролик әзірлеп, оны әлеуметтік желіге салған. Бес жүзден астам адамның қызығушылығын тудырған бейнероликті тамашалағандардың қатарында Германия, Беларусь елдерінің азаматтары да бар. Осылайша шетелдік туристердің Қазақстанға деген қызығушылығын оятуды көздеп жүрген Даринаның ендігі арманы зерттеу жұмысын әлемнің бірнеше халықтарының тілдеріне аударып, елімізге саяхаттап келушілердің санын көбейтуге септесу болмақ.

Берік ҚАСЕН,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp