
Ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мерекелеу аясында «Мүшайра» атты жас ақындардың республикалық байқауы өтеді.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі мен азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесе өтетін ақындар байқауының аймақтық ұйымдастырушысы – «Рухани жаңғыру» орталығы. Байқауға жас ақындар, жазушылар, журналистер мен 16-29 жас аралығындағы өзге сала өкілдері қатыса алады. Жұмыстар электрондық үлгіде қазақ, орыс тілдерінде қабылданады.
Конкурс талабы бойынша Абай атамызға арналған шығармалардан ақындарға екі өлең, жазушылара екі қысқа проза жазу міндет. Республикалық байқау екі кезеңнен тұрады. Өңірлерде іріктеу кезеңі үстіміздегі жылдың 10 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында өтеді. Қорытынды кезең 2020 жылдың 1-20 қазан аралығында ұйымдастырылады. Аймақтық іріктеу кезеңінің үш жеңімпазы «Мүшайра» байқауының республикалық кезеңіне жолдама алады. Бас жүлдеге 500 мың теңге, бірінші орын жеңімпазына 300 мың теңге беріледі. Сондай-ақ, екінші, үшінші орын иегерлеріне де ақшалай сыйлықтар табысталады. Байқауға қатысу, қосымша ақпарат алу үшін аймақтық ұйымдастырушыларға (электронды пошта sko_mushaira_175@mail.ru) хабарласуға болады.
Байқаудың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету мақсатында республикалық кезең толық бейнежазбаға түсіріледі. Қатысушылардың шығармашылығын бағалау кезінде жұмыстың идеялық және композициялық тұтастығын сақтау ескеріледі. Осы конкурсқа қатысу арқылы сіз өзіңіздің қабілетіңізді шыңдап қана қоймай, республикалық деңгейде дарынды ақын немесе жазушы атануға керемет мүмкіндік туады.