Уәлиханов аудандық сотында “Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу” жөнінде “дөңгелек үстел” өтті. Аудандық соттың судьясы Серік Темірбеков күн тәртібінде тұрған мәселе жайлы өз ойын ортаға салып, жиынға қатысушыларды партисипативтік рәсім тәртібімен жан-жақты таныстырып өтті.
Азаматтық өндірісте партисипативтік рәсімдер – тең дәрежеде жетістікке жету мақсатында судьяның қатысуынсыз, тараптар адвокаттарының міндетті қатысуымен дауды шешетін үрдіс және ол тараптардың келісімі бойынша жүзеге асырылады. Партисипативтік рәсімдердің тараптары жеке және заңды тұлғалар болып табылады. Партисипативтік рәсімдер жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қатысуымен, жариялық-құқықтық дауларды есептемегенде, азаматтық, еңбек, отбасы және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды реттеуде пайдаланылады. Аталған рәсім тараптардың татуласуына, жанжалдың дәрежесін төмендетуге бағытталған. Демек, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау күшейіп, қоғамның заңға деген көзқарасы жақсарады.
“Дөңгелек үстел” қатысушылары – прокуратура, адвокатура, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу тәжірибесін қолдануда жиі кездесетін сұрақтарды талқылап, адвокаттар тараптарға білікті заңгерлік көмек көрсете отыра, өзінің сенім білдірушілеріне құқықтық салдарды ескертуге міндетті, яғни алдағы уақытта оның орындалуын айтарлықтай жеңілдетеді деген ортақ пікірге келді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.