«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАУЫЛПАЗ ЖЫРАУ – ҚОЖАБЕРГЕН

Қожаберген жыраудың 355 жылдық мерейтойына орай облыстық мемлекеттік архивте “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Дауылпаз бабамыздың өрлігі мен ерлігі әңгіме өзегіне айналған шараға оның ұрпақтары, облысымыздың зиялы қауым өкілдері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің және М.Жұмабаев атындағы педагогикалық колледждің студенттері қатысты.

Облыстық мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, шараның “Дауылпаз жырау – Қожаберген” деп аталуы кездейсоқ емес. Академик, тарихшы Манаш Қозыбаев Қожаберген жырауды зерттеп, еліміздің тарихына қосқан үлесі мен маңыздылығын көрсеткен өз еңбегін дәл осылай атаған екен. Жамбыл ауданындағы Гүлтөбедегі Қожаберген жыраудың мемориалдық кешені бүгінде “Қазақстанның киелі жерлері” картасына енген қасиетті мекен.

“Қазақ тiлi” қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жангелді Тәжин Қожаберген жыраудың өмірі мен шығармашылығы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген уақытқа дейін де зерттелгенін тілге тиек етті.

– Қожаберген жырау мен Сегіз сері туралы поэма жазуға ниет танытқан қазақтың ақыны, дарынды драматург, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфулин 1927 жылы өңірімізге келіп, жыраудың шығармашылығы туралы мәліметтер жинаған. Кейін 1936 жылы көрнекті жазушы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Ілияс Жансүгіров пен классик жазушы Ғабит Мүсірепов те жыраудың өмірін біраз зерттеген. Бүгінгі өскелең ұрпақ Қожаберген Толыбайұлын “Елім-ай” дастанының авторы деп қана емес, сол замандағы мемлекет қайраткері ретінде тануы тиіс, – деді Жангелді Тәжин.

Шараның құрметті қонағы – Қожаберген жыраудың оныншы ұрпағы Бектас Тырқаев атадан балаға мирас болған естеліктерімен бөлісті. Бүгіндері ол Жамбыл ауданындағы Айымжан ауылындағы мектепте мұғалім болып істейді. Ол сөз соңында Петропавл қаласының кіреберісіне бабаларының құрметіне ескерткіш орнату бастамасын көтеріп, қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді.

“Дөңгелек үстел” басында сөз алған облыстық мәдениет, “Асыл мұра” орталығының, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің, облыстық кітапханалардың өкілдері ұлы бабамыздың өмір жолы мен еңбектерінен қызықты мәліметтер келтіріп, мемлекет қайраткерін жаңа қырынан таныстырды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp