Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте соңғы туәлікте өңір аумағында орын алған дауылға қатысты баспасөз мәслихаты өтті.
Шара барысында сөз алған ведомство бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камаловтың айтуынша, дауылдың тұруына Ресейдің Салехард қаласынан келген циклон себеп болған.
– 7 сәуір күні облыс аумағында оңтүстік-батыс, батыстан соққан желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетті. Атмосфералық ағын салдарынан облыс аумағында жаңбыр, кейін қарлы жаңбыр жауды. Түнде кейбір аудандардағы метеостанцияларда жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жеткен күшті жел тіркелді. Жеті ауданда көтерілген жел салдарынан 8 мың шаршы метр аумақта орналасқан 24 нысанның шатыры құлады, – деді Рамиль Фаткулович.
Қатты желдің салдарынан, негізінен, Тайынша, Ақжар, Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар бірнеше нысан шатырсыз қалды. Атап айтқанда, 6 білім, 2 денсаулық сақтау мекемесіне, 2 сауда орнына, 1 астық қоймасы мен 5 әкімшілік және мәдениет нысанына, 6 тұрғын үйге зақым келді.
Өкінішке қарай, тұрғындар арасында да зардап шеккендер бар. Түнгі сағат 2.00 кезінде Тимирязев ауданының Комсомол ауылындағы азық-түлік дүкенінің шатыры дауыл екпінінен зақымданған. Нәтижесінде 1977 және 1989 жылдары туған екі азамат түрлі дене жарақаттарын алды. Аудандық орталық ауруханаға жеткізілген бұл азаматтардың жағдайы қалыпты. Сондай-ақ, бірқатар үйлер мен нысандар электр жарығынсыз қалды. Апаттың салдары жойылып, біраздан соң жарық берілді. Мамандар бұған қатты желдің салдарынан бағана сымдарының бір-біріне тиюі себеп болғанын айтады. Алдағы уақытта энергетиктер желілерді тексеріп, қажет болған жерлерге сымдарды қайта тартатын болады.