Бір күні кабинетіме жетпісті алқымдаған ақсақал келді. Оның келеңсіздікке тап болғанын түріне қарап-ақ аңғару қиын емес еді. Көп кідірместен болған жайтты баяндап берді. Осыдан бірнеше жыл бұрын танысы үшін өз атына несие ресімдеген екен. Бастапқыда ай сайын уақтылы төлем жасаған танысы кейін қарызын өтемей қойыпты. Несиенің пайызы өскендіктен банк тиісті төлемді ай сайын ақсақалдың зейнетақысынан ұстап қалып отырған.
Танысын да кінәлай алмайсыз, ол онкологиялық дертке шалдығып, несиені төлейтін мүмкіндігі болмаған. Амалы таусылған ақсақал мәселесін оң шешіп береді деген үмітпен бізге жүгінді. Бірнеше рет кездесу өткізіп, екі тарапты жүздестірдік. Ниеттері түзу, ашық-жарқын адамдар. Өкінішке қарай, қарызды төлеуге мүмкіндіктері жоқ. Сол себепті облыс тұрғындарына қайырымды істерімен танымал кәсіпкермен ақылдасуды жөн көрдік. Ол екеуін де бұрыннан танитын болып шықты. Жағдайларын түсінген кәсіпкер несиені толық өтеп берді. Осылайша, екі тарап татуласып, даулы мәселенің түйіні тарқады. Бұл – бітімгершілікпен шешілген кикілжіңнің бір ғана мысалы. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының жанындағы медиация кабинетіне күн сайын дауды бітімгершілік жолмен шешкісі келетін адамдар жүгінеді. Түсініспеушілік туындаған кезде екі тарап бір-біріне дес бермей жататыны белгілі. Сондай уақытта бірден сотқа жүгірмей, үшінші тарап, яғни бітімгерлерге жүгінсе ғой.
Қазіргі таңда облыста 300-ден астам кәсіби емес және 28 кәсіби медиатор бар. Соңғы жылдары еңбек дауы жиілеп кеткен. Осы бағытта біз облыстық кәсіподақтар федерациясымен ынтымақтастық орнаттық. Бірлескен жоспарды жүзеге асыру аясында еңбек дауларының алдын алуға басымдық береміз.
Жыл сайын медиация күніне орай өңіріміздегі бітімгершілікті насихаттау, дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарамыз. Биыл осы күні құқық қорғау органдарымен де ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойдық. Сондай-ақ, кәсіби емес, бірақ белсенді медиаторлардың, бітімгер судьялардың, кәсіподақ органдары мен білім беру саласының қызметкерлерінің, психологтар мен әлеуметтік педагогтардың қатысуымен “дөңгелек үстел” отырысын ұйымдастырып, бірқатар шешімдер қабылдадық. Мәселен, аудандардағы кәсіби емес медиаторларды оқытуға арналған семинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар істі қараудың сотқа дейінгі кезеңінде медиация тәсілін енгізу бойынша прокуратура органдарымен, ал бітімгершілікті тергеу барысында облыстық полиция департаментімен бірлесіп жұмыс істемекпіз.
Азаматтық хал актілерін тіркеу органдары отбасы және неке институтын нығайтып, ажырасу кезінде ата-ана құқығын қорғауға бағытталған шараларды жүзеге асыруға ниетті. Осы орайда медиация кабинетінде орын алған бір жағдай есіме түсіп отыр. Жақында бізге кәмелеттік жасқа толмаған екі бала тәрбиелеп отырған ана келді. Ол бұрынғы жұбайынан алимент ала алмай жүр екен. Бірнеше кездесуден кейін ана балаларын әкелерімен жүздестіруге келісті. Әкелерін әбден сағынған балалар жүгіріп барып, мойнына асылды. Әкелері де бауыр еті балаларын көргенде көзіне жас алды. Соңында отбасы татуласып, бүгінде бақытты өмір сүріп жатыр.
Білім беру саласындағы медиация институтын дамыту бағытында осы жылдың соңына дейін облыс орталығындағы дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” лицейінде, әл-Фараби мектеп-лицейінде және Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейде медиация кабинеттерін ашуды жоспарлап отырмыз.
Медиация институтын дамытуда медиаторларды ынталандырудың маңызы зор. Сондықтан қиын жағдайға тап болған адамдардың жағдайын ойлап, түрлі дауларды шешуге атсалысып жүрген кәсіби, тәжірибелі медиаторларды марапаттау шараларын да ұмытпаймыз. Осы орайда келесі жылы медиация кабинетіне бөлінетін қаржы көлемінің өсуі жұмысты жетілдіруге септесетіні анық.
Медиация институтын қалыптастыруды жас ұрпақтан бастаған тиімді. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен және “Содружество” Солтүстік Қазақстан медиация және құқық орталығы” қоғамдық бірлестігімен ынтымақтастық аясында жоғары оқу орнында құқықтану мамандығы бойынша білім алып жүрген магистранттар теориялық білімін тәжірибе жүзінде бекітуге мүмкіндік алды. Тәжірибенің мақсаты – медиация институтын қолдану және дамыту мәселелерін зерттеп жүрген магистранттарды тараптарды татуластыру үрдістеріне қатыстыру. Өткен оқу жылында үш магистрант медиация мәселесіне қатысты диссертациялық жұмыс жазды. Олардың бірі медиацияның азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудағы, екіншісі отбасылық дау-жанжалдарды реттеудегі маңызына тоқталған. Ал үшінші магистр медиацияның Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында жүзеге асырылуын жазды.
Сонымен қатар М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің тарих, экономика және құқық факультеттерінде семинар өтіп, қорытындысында “Құқықтық пәндер” кафедрасында медиация кабинетін ашу жөнінде ұсыныс әзірленді.
Еліміздің басқа өңірлеріндегі медиаторлармен тәжірибе алмасып тұрамыз. Мәселен, тамыз айының соңында Қостанай облысындағы медиаторлар қауымдастығымен бірлескен шара өткіздік. “Әлеуметтік дауларды шешу және қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауда медиация институтын қолдану” тақырыбында өткен “дөңгелек үстел” отырысында ауқымды мәселелер көтеріліп, оны шешу жолдары қарастырылды. Осы жолы “Кәсіби емес медиаторлардың біліктілігін арттыру” тренинг-семинары ұйымдастырылып, 27 адам сертификатқа ие болды. Шара қорытындысы бойынша белсенділігімен көзге түскен бес медиатор Қостанай облысында өтетін медиаторлар форумына жолдама алды.
Гүлбақша МҰСАБАЕВА,
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы медиация кабинетінің меңгерушісі, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің доценті.