
Газбен және электрмен дәнекерлеуші Жасұлан Жұмағалиев “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-да 2003 жылдан бері еңбек етеді. Ол – зауыттың беткеұстар жұмысшыларының бірі.
Жасұлан Жұмағалиұлы облыс орталығындағы №1 кәсіптік-техникалық лицейде дәнекерлеуші мамандығы бойынша кәсіптік білім алып, кейін өзінің тәжірибеден өткен зауытына жұмысқа шақырылады. Жас маманға келген бетте 4-ші разряд берілсе, кейін өзінің жұмысқа деген ынтасы мен қабілетін көрсеткен еңбеккерге 6-шы разряд берілген. Ол 2012 жылы “Қазақстан инжиниринг” Ұлттық компаниясы” АҚ әкімшілігінің 1-ші дәрежелі дипломымен марапатталған.
Зауыттағы еңбеккерлер үшін абыройлы сынақтардың бірі – кәсіпорындағы үлкен ұжым ішінде ұйымдастырылатын “Кәсіби шеберлік” дәстүрлі байқауы. Оған қатысушылар бір кәсіпорында еңбек еткеннен кейін бір-бірімен жақсы таныс, бірақ сын сағатында әріптестерінің арасынан сытылып алға шығуды қайсысы болсын мақсат етеді. Сондықтан Жасұлан Жұмағалиұлы да аталмыш сайыста 2013 жылы 2-орын иеленгенін мақтанышпен айтады. Сондай-ақ, зауыт әкімшілігі Жасұланның еңбегін жоғары бағалап, бірнеше мәрте Алғыс хатпен марапаттаған.
– Зауытта машина құрылысының әртүрлі тетіктері жасалады. Жұмыс ізденіске толы. Ондай кезде жұмысқа деген құлшыныс та арта түседі. Сондай-ақ, зауыттың автоматтандырылған жүйесі жұмысты жеңілдетіп қана қоймай, адамды жаңаша жұмыс істеу тәсілдерін игеруге тартады. Дәнекерлеуші – еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие мамандық. Өткен жылы Астана қаласындағы таныстарым мені жұмысқа шақырды. Бірақ өзіңнің еңбек жолың басталған жер ыстық болады екен, еңбек орнымды және әріптестерімді қимадым, – дейді Жасұлан Жұмағалиұлы.
Мұндағы атқарылар жұмыс пен еңбекақы тапсырыстың орындалуына байланысты. Жоспарды артығымен әрі сапалы орындай білетін Жасұлан Жұмағалиев өзінің 100-150 мың теңге айлық табыс алатынын айтты.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.