Жамбыл ауданы – елімізге есімі мәшһүр Толыбай сыншы, Қожаберген жырау, Сегіз сері секілді бағлан-батырлар мен қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ақын-жазушыларды бесігінде тербеткен киелі мекен. Жерлестері қазақ тарихы және әдебиеті парақтарына алтын әріппен жазылған асыл перзенттерімен мақтанады әрі оларды ардақ тұтады.
Сондықтан Жамбыл ауданының Петропавл қаласындағы мәдениет күндерінің шымылдығы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жерлес жазушылар – Ғабит Мүсіреповтің, Сәбит Мұқановтың, Иван Шуховтың, Сафуан Шаймерденовтің өмірі мен шығармашылығына арналған кешпен ашылды. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің ғұмырнамасымен танысып, аталмыш аудандағы мұражайларда сақталған жәдігерлерді көруге №10 орта мектептің оқушылары шақырылған екен.
Ғабит Мүсіреповтің туған ауылы – Жаңажолдағы мұражайда көздің қарашығындай сақталған жазушының жеке заттары мен қолжазбалары аз емес.
– Әрине, ондағы құнды жәдігерлердің бәрін бірдей осы жерге әкелген жоқпыз. Бірақ жазушының өмір жолынан, балалық шағынан сыр шертер дүниелерді жұртшылық назарына ұсынуды жөн көрдік. Сондықтан Ғабит Махмұтұлына кіндік әкесі Жүсіп шебер сыйға тартқан ер-тұрман, оның сәнді костюм-шалбары, басқа да бұйымдар ғимарат төрінен орын алды, – дейді Ғабит Мүсірепов мұражайының меңгерушісі Клара Қошаева. Көрме меймандары сөз зергері жайлы фильмді тамашалап, оның өмір жолынан мағлұмат берер деректерге де қаныққанын айтып өткен жөн.
Сондай-ақ, Сәбит Мұқановтың жазу машинкасы да оқушылар мен көрмеге келушілердің назарына ұсынылды. “Өмір мектебі”, “Ботагөз”, “Аққан жұлдыз” секілді әдебиет қоржынындағы салмақты шығармалардың барлығы да осы машинкамен терілген екен. Облыстық “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев жиналғандар үшін өз жадында сақталған жазушы жайлы естелікті жаңғыртты.
– 1970 жылдары Жамбыл ауданындағы Майбалық ауылында мектеп директоры қызметін атқарып жүрген болатынмын. Көршілес қоныстанған Сәбит ауылына жазушының келгенін естігеннен-ақ жастардан маза кетті. Уақыт оздырмай, жолға шықтық. Бірақ біз барғанда Сәбит Мұқанов демалып жатыр екен. Үмітімізді үзіп, кері қайтуға жиналып жатқанымызда жанындағы көмекшілерінің біреуі көрші ауылдың жастары келіп тұрғанын жеткізіпті. Мұны ести сала Сәбең сыртқа шығып, бәрімізбен қол беріп амандасып, жастардан жөн сұрады. Осындай аузын ашса, жүрегі көрінетін өзіне тән қарапайым мінезімен көпшіліктің ілтипатына бөленіп жүруші еді, – дейді Таңат Сүгірбаев.
Сонымен қатар жеткіншектер осы ауданның тағы бар танымал тумасы Иван Шуховтың кіндік қаны тамған кіші Отаны жайлы жазылған шығармаларына саяхаттады.
Жамбыл ауданының салмағын арттыра түсетін тәуелсіздіктің ширек ғасырында қол жеткізген жетістіктері де бір төбе. Бұл күні Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада және облыстық мұрағатта да қасиетті жердің өткен тарихы, бүгінгі бағындырған белестері әңгіме арқауына айналған шаралар ұйымдастырылды.
Елмен бірге есейіп, азаттықтың ақ таңымен бүгінгі күннің биігіне ұмтылған Жамбыл ауданының қала тұрғындарына арнаған мәдени іс-шаралар легі мұнымен аяқталған жоқ. Достық үйінде өткен “Рябинушка” ансамблінің концерті мәдениет күндерінің шырайын аша түсті.
Сахна шымылдығын “Анашым” әнімен түрген топ мүшелері ауданның мәдени өміріне сүбелі үлес қосып отыр. Олай деуге толық негіз бар. Өйткені, түрі басқа болса да, тілегі бір өзге этнос өкілдерінен құралған ансамблдің жетекшісі Нина Шледовец: “Репертуарымыз қазақ халқының әндеріне бай”, – дейді. Сондай-ақ, аудан өнерпаздары украин, орыс, татар тілдерінде де ән мен жырды әуелетті.
Жалпы бұл ауданда бүгінгі күні тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан өзге этнос өкілдерінің алты мәдени орталығы табысты жұмыс істеуде.
“Рябинушка” ансамблі ауылдарды да аралап, жұртшылықты өз өнерлерімен қуантып жүргенін айтып өту керек. Ал бүгінгі кеште олар туған ел мен жердің қасиетін ұқтыратын, қарашаңырақты мекендеген этностармен достығымызды дәріптейтін өлеңдерімен жиналғандардың жүректерін тебірентті. Аудан өнерпаздарының концертін тамашалауға келген Петропавл тұрғындары еліміздегі татулық пен тыныштықтың арқасында бүгінгідей сахна төрінде әсем әннің шырқалып жатқанына ризашылық білдірді.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.