Жамбыл ауданындағы Жалтырша ауылының тумасы Әміреш Дәрменовті бұған дейін Даңқ орденінің толық иегері ретінде ғана білетін едік. Таяуда “Дат” газетінің биылғы 22 қыркүйектегі санында “Төрт мәрте Даңқ орденімен марапатталған” (“Награжден четырмя орденами Славы”) атты орыс тіліндегі мақаланы оқып, жерлесіміздің аталмыш орденге төрт рет қол жеткізгенін білдім. Мақаланың үстіндегі Әміреш Дәрменовтің өзіме таныс фотосы да көзіме оттай басылды. “Қазақстан-Петропавл” телеарнасында жұмыс істеп жүрген кезімде “Туған жер тұлғалары” хабарының бір санын даңқты жерлесімізге арнау мақсатында бұл күні бақилық болған батырдың туыстарын іздестіріп, Жамбыл ауданына барған едім. Батырдың туыстарымен кездесіп, бейбіт күндердегі өміріне қаныққанмын…
Тарихи деректерге жүгінетін болсақ, бұл орден КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 8 қарашадағы Жарлығымен беріліпті. Орденнің үш дәрежесімен бірдей марапатталғандар Кеңес Одағының Батыры атағына теңестірілген. Алайда, екінші дүниежүзілік соғыста әртүрлі себептермен барлығы 86 адам төрт мәрте Даңқ орденіне ие болған көрінеді. Солардың біреуі – біздің жерлесіміз Әміреш Дәрменов болып отыр. 139-атқыштар дивизиясының 609-атқыштар полкінің барлаушысы, кейіннен взвод бөлімшесінің командирі Әміреш Дәрменов (1922-2002) 1944 жылы 22 сәуірде алғаш рет үшінші дәрежелі Даңқ орденіне (№509751) қол жеткізіпті. 1944 жылы 28 маусымда Могилев қаласын жаудан азат ету кезінде сегіз жаудың көзін жойып, бесеуін тұтқынға алғаны үшін екінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталыпты. Осы жылы 10 тамызда қызыләскер қаһармандығы мен ерлігі үшін екінші мәрте екінші дәрежелі Даңқ орденіне (№13493) ие болған. 1945 жылы 24-25 наурыз күндері Данциг (Гданьск, Польша) қаласының түбінде барлау бөлімшесінің командирі, сержант Әміреш Дәрменов жау шебіне еніп, танкке қарсы қолданылатын гранатамен үш пулемет ұясын талқандаған. Жауды өкшелей қуа отырып, қарамағындағы жауынгерлермен он бес гитлеровшіні тұтқынға алған. Осы ерлігі үшін ол бірінші дәрежелі Даңқ орденімен (№1285) наградталып, аталмыш марапаттың толық иегері атанған.
Қан майданда ерекше ерлік көрсеткен, жауынгерлерге берілетін Даңқ орденінің толық иегері атанған солтүстікқазақстандық батырлардың саны – он бір ғана. Солардың көшін 1941 жылғы желтоқсан айынан соғысқа қатысқан жалтыршалық Әміреш Дәрменов бастап тұр. Кезінде ерекше құрметке бөлене алмаған, көзі тірісінде жалғыз костюмімен бірге барлық наградаларын ұрлатып алған, бүкіл Қазақстан бойынша төрт мәрте “Даңқ” орденімен марапатталғанымен “Дарабоз” атанған жерлесімізді кеш те болса ұлықтар, облыс орталығындағы бір көшеге атын берер кез келген сияқты. Тағы да басқа құрметтер көрсетіліп жатса, “Ер есімі ел есінде” дегендей артықтық етпейді.
Нұрсайын ШӘРІП,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.