Қазақтың әншілік өнерін дамытып, белгілі композиторлардың ізбасарына айналған өнерпаздардың бірі – Майра Уәлиқызы. Жастық шағы қиындықпен өткен әншінің артында елге белгілі мол мұрасы қалды. Ал оның шығармашылығының шоқтығы саналатын ең құнды туындысы жұрт арасында «Майраның әні» деген атпен тараған ән екені белгілі.
Майра Уәлиқызы 1896 жылы Кереку қаласында дүниеге келген. Бала тұрақтамаған Уәли мен Қатира жалғыз қызығы – Майраны еш кемдік көрсетпей еркелетіп өсіреді. Кейін қыздарын ноғай молдаға беріп, сауатын аштырады. Қалада өскен Майра орыс балаларымен араласып, орыс тілін де үйреніп алады. Қазаққа өзге елден еніп, сіңісті болып кеткен аспаптар бар. Соның бірі гармон еді. Майраның әкесі Уәли қызына татар гармонының шағындау түрін алып береді. Майра оны тез үйреніп алып, ән айта бастайды. Осылайша еркін, ерке өскен қала қызының сымбатына бойындағы өнері үйлесіп, есімі көпке таныла бастайды. 13-14 жасқа келгенде Майра тұтас Керекуге аты мәлім гармоншы атанады. Қала қазақтарының ойын-тойы Майрасыз өтпейтін болады.
Майраның бойжеткен шағында әкесі оны Баян жәрмеңкесіне апарады. Бұл жәрмеңкеге атақты Шорманның ұрпағы Зәржан болыс та келген екен. Халқын қан қақсатып, жалғанды жалпағынан басып жүрген болыс Майраны тоқалдыққа алғысы келеді. Алайда Майраның оңайлықпен көнбейтінін түсінген Зәржан қаладағы таныс атаманмен сөйлесіп, түн ішінде оның үйіне стражниктерді жұмсайды. Уәлидің отбасына келген стражниктер ештеңе деместен ата-анасының көзінше бойжеткенді алып кетеді. Ойда-жоқта алыс ауылға келін болып түскен Майраны мұндағылар жақтыра қойған жоқ. Жұрт арасында «Майра Зәржанды сиқырлап алған екен» деген қауесет тарайды.
Арада біраз күн өткен соң Зәржан ауруға шалдығып, беті бері қарамай қояды. Ел адамдары жиналып оны Омбыға апармақ болыпты. Орысша сауатты Майра да тілмаш ретінде жолаушыларға ілеседі. Омбыдағы дәрігерлер Зәржанға ота жасап, өмірін аман алып қалады. Алайда ол мамандардың айтқанына құлақ аспай, жазылдым деп ойлап, қалаған тамағын ішіп, бұрынғы қалпына қайта түседі. Ақыры Зәржанның тігісі ашылып кетіп, тағы ауырады. Бұл жолы дәрігерлер тағы да ота жасайды. Ота сәтсіз өтіп, ел адамдары Зәржанның мәйітін Омбыдан алып кетіпті. Көпке ілесіп Керекуге келген Майра өзінің туған қаласында қалып қояды. Зәржан өлгеннен кейін оны іздеп жатқан да ешкім болмайды. Өзінің өскен жеріне келген Майра қайта түлеп, өнерге оралуға қайрат табады. Осындай кезде 1916 жылы патша тақтан құлап, ел ішінде жаңа толқын басталады. Бұл хабарды Майра қуанышпен қабыл алып, енді басына толық еркіндік тигенін сезеді.
Қызы едім мен Уәлидің, Майра атым,
Тартады бозбаланы магнитім.
Құрбылар, жастық шақта ойна да күл,
Қартаяр, күлкі қашар уақыт жақын.
Қайырмасы:
Майра, Майра,
Қызыл тілім сайра.
Хара, раку-райра, Майра,
Майра, Майра.
Шырқа, осындайда!
Дегенде атым Майра, атым Майра,
Отыз тіс, көмекей мен тілім сайра.
Қолға алып домбырамен ән шырқасам,
Ілесер сонда маған жігіт қайда? – деп шырқайды қайта оянған көңіл.
Майраның бұл әнін тордан енді босап, өзінің жайнаған жасыл орманына оралып, сайраған бұлбұл құстың үнімен салыстыруға болады. Әнші бойжеткен күнінен қанша қиындық көріп, елдің сөзіне қалса да, бойындағы өнерін жоғалтпай, еркіндікті қуанышпен қарсы алды. Бар көрген қиындығы бір сәтте ұмыт болғандай «Шырқа, осындайда!» деп жырлайды.
Кейін Майра Әбілмәжін атты жігітпен танысып, Семейге көшіп, анасын да қасына алады. Көп өтпей ол әйгілі Әміре Қашаубаевпен кездесіп, екеуі Ертіс жағасындағы елді думанға бөлейді. Одан біраз жыл өткен соң Майра Уәлиқызын Александр Затаевич кезіктіріп, одан біршама қазақ әндерін жазып алған.
Әлия СЕҢКІБАЕВА,
«Мерей» өнер мектебінің директоры.
Қызылжар ауданы.