«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Деген екен …

(Басы өткен санда).

ҚЫЗЫЛ ҚАМЗОЛ МЕН ЛАМПАС

Қазақстанның Қорғаныс министрi, Совет Одағының Батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов 1995 жылы жазда зайыбымен, балаларымен Бурабайда демалғанда, Степнякқа келiптi. Меймандар моншадан шығып, дастарқан басына келедi. Ашық терезеден жел соғып тұрғандықтан, Сәкең қақ төрге отырмай, ықтау жағынан отырса керек. Содан әңгiме-дүкен, мәжiлiс қызған кезде кезек Баянғалиға келiптi.  

Қош келдiңiз елiме

Аты аңызға айналған

Қаһарман батыр, қолбасы,

Сағадаттай батырды

Төбесiнен түссе де

Жеңе алмаған фашистiң

Снаряд пен бомбасы,

Жетпiстен жасы асса да

Қылшылдаған капитан

Секiлдi түр мен тұлғасы,

Қаһарманның балалары

Әкенiң жолын жалғашы,

Айналайын ақ жеңге,

Сәкеңдi жақсы бақ, жеңге,

Оңай емес болу да

Қолбасының жолдасы,

Бiле бiлсек Сағадат

Бөгенбай мен Қабанбай

Батырлардың жалғасы,

Тұғырдан таймай сардарым,

Сарбазды сапқа тұрғызып,

Қазақтың елiн қорғашы!

Бар қазақ үлгi алады, жауға шапқан,

Бауыржан, Мәлiк, Қасым, Сағадаттан,

Сағадат жастайынан от-жалын боп,

Бата мен алғыс алған жамағаттан,

Қара нардай қаһарман ұлым бар деп,

Қазағым, ай-әлемге жырла, мақтан,

Ұланның үмiтi көп, жетпiсiнде

Жiгiттей жарқыраған азаматтан,

Сызды окопта саспаған сардар аға,

Қаштың ба Степнякта сквозняктан! –

дегенде, қонақтар ду күлiптi.

Сәкең ақынның жырларын ықыласпен тыңдап, оның Манастың мыңжылдық тойына баратынын естігесін, “Манасты” айтқызыпты.

– Қырғыздарға барғанда қандай киiм киiп барасың? – деп сұрапты.

– Қара шапан, қара шалбар, қызыл қамзол!

– Жiгiтке қызыл не керек? – дептi Сәкең.

– Аға-ау, сiздiң лампасыңыз да қызыл емес пе? – дептi ақын. Батыр күлiп жiберiп, сәт-сапар тiлеп, ағалық алғысын айтыпты…

Арада бiрнеше ай өткен соң 1995 жылдың күзiнде Сағадат Нұрмағамбетов жұмыс бабымен Көкшетауға тағы келедi. Шортанда, демалыс үйінің дәмханасында Баянғалиды: “Алимжанова надо встречать стоя!” – деп, құшақтап қарсы алыпты. Ол кісінің қасындағы бүкіл генералдар мен офицерлер де, басшылар да тік тұрыпты. Қаһарман аға ақын iнiсiн Қырғызстанның Абдылас Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты болуымен құттықтайды, жорықты жылдардан сыр шертеді. Кезекті ақынға беріп, әлгі әңгімелерін арқау еткен әзiл өлеңдерiн ықыласпен тыңдайды.

Сағадат батыр капитан

Бейбiт күндi аңсаған,

Сол күнге жетпей арманда

Құрбан боп кеттi қанша адам,

Көрсе де соны мойымай

Ротасын бастап “уралап”

Жеңiске батыр жол салған,

Кешiп өтiп Висланы

Қуып шығып фашистi

Самогон iшкен Польшадан!

Қас дұшпанды талқандап

Жойғанша көзiн қоршаған

Сағадат батыр, генерал

Қорғаныс пен әскерiн.

Тапсырып отыр ел саған!!!

Қашан да жақсы сөздi жырлағам-ды,

Бiреулер оны ұнатпай сұрланады,

Манастың тойына мен аттанарда

Сөмкемдi машинадан ұрлап алды.

Дәм жазса, жақсылықпен кездесермiз,

Сыйласып, әзiлдесiп сөйлесермiз,

Ақынды ешкiм қорғайтын түрi жоқ-ау,

Беу, Сәке, өзiмдi-өзiм қорғау үшiн,

Именной бiр пистолет бермесеңiз!!! – деген екен.

Сонда Сағадат батыр ағамыз: “Считай, что пистолет уже в кармане! Ендi Алматыға келсең, тек өзiме хабарлас!” – деп, Баянғалиды құшақтап, ағалық ақ тiлегiн бiлдiрген екен.

БАУЫРЛАР

2007 жылы Көкшетауда, Бурабайда қазақ-қырғыз парламенттері бас қосады. Қазақстан Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған он үш депутат пен Қырғызстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Марат Сұлтанов бастаған он үш қырғыз депутатының кездесуіне сол кездегі Ақмола облысының әкімі Мәжит Есенбаев Баянғалиды арнайы шақырып, сөз сөйлеп беруін өтінеді. Сонда ақын:  

Қырғызды бала күннен білетінбіз,

Бірге ойнап, Көкшетауда, күлетінбіз,

Мемлекет екендігін білмейтінбіз

Қазақтың руы ғой деп жүретінбіз!

Қырғыздар Омбы барды, Үркіт асты,

Неліктен Ыстықкөлден үркіп қашты?

Сібірдің сақылдаған аязында

Сауда ғып, сықырлатып күртік басты,

Жырларын ер Манастың ұғар ма екен,

Вагонда өскен балалар үрпек басты,

Жағдайын жақсартпай ма сол халықтың

Тоқтатып басшыларың тақталасты,

Жоқ әлде Енисейден іздеп жүр ме,

Қырғыздың атын жазған түркі тасты?!

Ежелден қырғыз аты тасқа түскен

Оқыдық Орхондағы ескерткіштен,

Одан да он ғасырдай бұрынырақ

Арғын, Керей, Үйсіндер хатқа түскен!

Тастардан қырғыз атын таптырдыңыз

Шаттанып, көкке қалпақ лақтырдыңыз,

Қазақтың аты жоқ деп ол тастарда

Келеді ағамын деп мат қылғыңыз,

Қырғыздың атын қашап тасқа жазған

Біз қазақ сол тастардың авторымыз!

Айналайын қырғызым,

Өзіме тартқан түрің бар,

Ерке бала сияқты

Тәп-тәтті болған тілің бар,

Теңдесі жоқ әлемде

Телегей теңіз жырың бар,

Байтақ жатқан қазаққа

Ағаңдай көріп еркеле,

Ініңдей көріп еркеле,

Он сегіз мың ғаламда

Еркелігіңді көтерер

Қазақтан басқа кімің бар!?

 

Бұдан соң Баянғали Манасты айтқанда, жиналғандар риза болып, қырғыз елшісі жылап жіберіпті. Қырғыз депутаттары қалтасына бір уыс ақша салыпты.

Сонда ақын:

– Құдай берейін десе, Алатауға бармай-ақ, қырғыздар Көкшетауға өздері-ақ әкеліп береді екен ғой! Как хорошо быть акыном, берешь открыто, с почетом! А акимы берут скрытно! – деген екен.

Ақынның өнеріне риза болған парламент мүшелері тік тұрып қол соғып, алғыс айтыпты.

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ.

(Жалғасы бар).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp