Қызылжар ауданының орталығы – Бескөлдегі “Құлагер” ипподромында ат жарысы маусымы ашылды. Додаға өңіріміздің әр ауданынан және Ақмола облысынан 40-қа жуық тұлпар қатыстырылып, жорға, құнан жарыстарда, ұшқыр және аламан бәйгеде сынға түсті.
Бұл күні дүбірлі додада желмен жарысқан жүйріктер бәйгесін көру үшін Бескөл ауылына асыққан көрерменнің қарасы қалың болды. Жазғы маусымның ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов спортшылар мен көрермендерге өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізді.
– Ат жарысы – біздің ұлтымызбен, дәстүрімізбен біте қайнасқан, бағзыдан келе жатқан төл өнеріміз. Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін елімізде қазақтың ұлттық спорт ойындарының да тынысы ашылды. Петропавл қаласында ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер, Қызылжар ауданында ат спорты мектебі бар. Осыдан екі жыл бұрын “Тұлпар” клубы ашылды. Олардың тәрбиеленушілері республикалық сайыстарда өңір намысын қорғауда. Мұның барлығы облысымызда ұлттық спорттың дамуына сүбелі үлесін қосуда, – деді Марат Иманбайұлы.
Делебені қоздыратын дүбірлі доданың шымылдығын желіс аттары ашты. 1600 метр қашықтықта өткен бәйгеде Қызылжар ауданындағы “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің “Властный” атты тұлпары топ алдында келді. Құнандар арасынан Қызылжар ауданының шабандозы Евгений Чибисовтың “Кет-Редисоны” мәре сызығын бірінші болып кесті. Дөнен аттар арасында да “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің тағы бір “Галактион” атты сәйгүлігі желдей зулап, мәре сызығын бірінші кесті.
Ауыздықтарымен алысқан сәйгүліктер 1800 метр қашықтықты да бағындырды. Бұл сайыста Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұлпары топ жарды. “Сабая” атты жылқыны тізгіндеген Әсет Бекжанов қарсыластарын шаң қаптырып кетті.
Бұдан кейін көрермен қауым құнан бәйге және жорға жарысын тамашалады. Жеті шақырымдық құнан бәйгеде Тайынша ауданының шабандозы Дмитрий Волковтың “Тай-спорт” сәйгүлігі топ жарса, айыртаулық Нұрбол Тоқтағанның “Томирисі” жорға сайысында алдына жылқы түсірмеді.
Ат спортының ең айшықты сәті – аламан бәйге. Көпшілік асыға күткен 15 шақырымдық жарыс тартысты өтті. Екі-үш айналымнан кейін нағыз сәйгүліктердің тынысы ашылса, соңғы айналымдарда аттардың біразы жарыс жолынан шығып қалды. Сонымен, бұл жарыста бас жүлде “Үміт” атты жүйріктің қанжығасына байланды. Оның иесі айыртаулық Әнуар Әбдіхалық.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.