«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕМАЛЫС КҮНДЕРІ КАРАНТИН КҮШЕЙТІЛЕДІ

Соңғы дерекке көз салсақ, облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың жалпы саны –  2451 адам. Соның ішінде 1401 адам емделіп, ауруханадан шықты. Өкінішке қарай, 8 науқас қауіпті індеттен көз жұмды. Өңірдегі ахуал туралы облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов “Instagram” әлеуметтік желісінде өткен тікелей эфир барысында айтып, “COVID-19” вирусымен күрес, аурудың алдын алуда өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.  

Өңірде өткен бір тәулікте 99 адам ауру жұқтырған. Бұл жағдайға алаңдаушылық білдірген облыс әкімінің орынбасары індеттің таралуына жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан карантиндік шараларға тоқталды.  24-27 шілде,  31 шілде – 3 тамыз  аралығында қоғамдық тамақтану орындары, барлық сауда нысандары (азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар сататын нысандардан басқа), базарлар, саябақ, жағажай, туризм нысандарының жұмысы уақытша тоқтатылады. Қоғамдық көліктер жүрмейді, халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істемейді.

Пәтер иелері кооперативтері көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен балалар ойын алаңдарын дезинфекциялауға міндетті. Сондай-ақ, карантин шаралары аясында жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын такси жүргізушілеріне қауіпсіздік талаптарын сақтау ұсынылады. Ғани Нығыметов өңір тұрғындарына  әзірге отбасылық мерекелерді өткізуге болмайтынын, ағайын-туыстың, көрші-қолаңның үйіне баруды уақытша тоқтата тұру қажет екенін еске салып, қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстануға шақырды.

– Қазір қауіпті індетпен ел болып күресудеміз. Жағдай қиын. Вирустың таралуына жол бермеу үшін кешенді шаралар қолға алынып, карантин талаптары күшейтілді. Бұл шаралардың нәтижесінде оң өзгерістер де байқалуда.  Өзге өңірлермен салыстырғанда біздің облыста науқастар саны аз. Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. Денсаулықтан асқан байлық жоқ. Сондықтан денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, тұрғындардан күшейтілген карантин шараларына түсіністік танытуды сұраймын, –  дей келе Ғани Сақтағанұлы облыс жұртшылығының әр өтініші ескерусіз қалмайтынын жеткізді. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, күн сайын прокуратура, экономикалық тергеу департаменті, полиция, облыс әкімдігі, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау ұйымдары тарапынан дәрі-дәрмек тапшылығы, медициналық бұйымдардың бағасын негізсіз қымбаттату фактілерін анықтау бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Бірнеше дәріханада дәрі-дәрмек негізсіз қымбаттатылған. Мәселен, “Тонус” дәріханасында медициналық бетперде 118 теңгеден сатылған. Оның нақты бағасы 85 теңге тұрады. 

Мониторингтік топтың жұмысы бірнеше бағытқа бөлінген. Бірінші топ, жоғарыда айтып өткен мәселелерге назар аударса, келесісі медициналық қызмет көрсету сапасына тексеріс жүргізеді. Жаумен арпалысқан жауынгердей әр науқастың өмірі үшін күресіп жатқан дәрігерлердің еңбегі ерлікке пара-пар. Сондықтан тікелей эфир барысында қауіпті індетпен күресіп жүрген медициналық қызметкерлердің жалақысына қосымша ақы төлеуде ешқандай қиындық туындамайтыны атап өтілді. Облыс әкімінің орынбасары тұрғындардан түскен әр сауалға нақты жауап берді. 

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp