Қазіргі таңда облыста қауіпті індет жұқтырған науқастардың жалпы саны 3822 адам. Соның 2388-де ауру белгісі анықталды. Инфекциялық вирус жұқтырған науқастардың 70 пайыздан астамы емделіп, ауруханадан шықты. Өкінішке қарай, 19 адам қауіпті індеттің құрбаны болды.
Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Арман Күшбасов өңірде жұмсартылған карантин шаралары мен бірқатар мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, көтерме және бөлшек сауда, азық-түлік қоймалары, аумағы 2 мың және одан да көп шаршы метрді құрайтын дүкендер, сауда үйлері, ойын-сауық кешендер, әуежай, темір жол вокзалдары мен тағы басқа ұйымдардың жұмысы санитарлық талаптарға сай болуы қажет. Ол қоғамдық көліктердің жұмыс кестесіне де өзгерістер енгізілгенін жеткізді. Елді мекен ішіндегі, саяжайға қатынайтын, қалааралық бағыттағы қоғамдық көліктер дүйсенбі-жұма күндері аралығында таңғы 6.30-дан кешкі онға дейін жүреді.
– Туризм нысандары мен демалыс орындарында келушілердің саны 80 пайыздан аспауы тиіс. Ал Ұлттық құрама мен командалық клубтардың спортшылары үшін оқу-жаттығу жүргізуде сақтық шаралары қатаң ескерілуі керек, – дей келе Арман Күшбасов алдағы демалыс күндері өңірде бірқатар шектеу шаралары енгізілетінін айтты. Қоғамдық көліктер тоқтап, 65 жастан асқан адамдардың үйден шығуына шектеу қойылды. Сауда үйлері мен ойын-сауық нысандарының жұмысы да уақытша тоқтайды. Сонымен қатар, сенбі-жексенбі күндері азық-түлік емес базарлар мен сұлулық салондары, шаштараз, косметологиялық қызмет көрсетуші нысандар, спорттық-сауықтыру орталықтары, жаттығу залдары, қоғамдық монша, аттракциондар жұмыс істемейді.
Баспасөз мәслихаты бырысында көпшілік, отбасылық шараларды өткізуге тыйым салынып, қауіпті індеттің таралуына жол бермеу үшін сақтық шараларына баса мән беру керек екені айтылды.