«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Демалыс қайғылы аяқталды

Соңғы күндері облыс аумағында 22 оқыс оқиға тіркелсе, екі адам су құрбаны болды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Ведомство бастығының орын­ба­сары Нұрлан Атығаевтың ай­туынша, шілде айында күн күрт ысып, су айдындарында орын ал­ған қайғылы оқиғалардың саны өскен.

– Соңғы жеті жылда аса қауіпті су айдындарының тізіміне кіретін Есіл өзені мен Пестрое, Соленое, Лебяжье, Үлкен Тораңғұл, Шал­қар, Имантау көлдерінде 180 адам суға кеткен болатын. Өкініш­ке қарай, 24-і – бала. Дер кезінде көмекке келген біздің мамандар жүзден астам солтүстікқазақстан­дықты өлім аузынан арашалап қалды. Биылғы суға түсу мау­сы­мы басталғалы департаменттің жедел әрекет ету жасағы Есіл өзе­ні мен Үлкен Тораңғұл көлінде су­ға батқан 17 адамды құтқарды. Десе де, қайғылы оқиғалар әлі де орын алуда. Коронавирусқа бай­ланысты шектеу шаралары енгі­зіл­генімен, өзен-көлдердің жаға­ла­рында демалушылардың қара­сы қалың, – деді Нұрлан Бауыр­жанұлы.

Қызылжар ауданында көлде шомылған екі солтүстікқазақстан­дық қаза тапты. Кешкі сағат 20.00 кезінде департаменттің 112 нөмі­рі­не Желякова ауылының маңын­дағы Каменное көлінде ер адам­дар­дың суға батып кеткені туралы хабар түседі. Оқиға орнына жет­кен департаменттің құтқару жа­сағы мен аудандық төтенше жағ­дай бөлімінің мамандары 1977 және 1980 жылғы азаматтардың мәйіттерін жағаға шығарады. Бел­гілі болғандай, Петропавл қала­сынан келген екі отбасы көл жаға­сында демалып, түнеуге қалады. Таңертең 40 жастағы азамат кішкентай қызымен бірге суға шомылады. Бір кезде ер-азамат суға бата бастайды. Ал оны құт­қармақ болған жолдасы да қаза табады. 9 жасар қыз аман.

Бұған дейін Шахау ауылының жанындағы көлде 1983 жылғы аза­мат суға кеткен болатын. Атал­мыш қайғылы оқиға 1 тамыз күні кешкі сағат 23.00-де орын алған. Ауыл тұрғыны екі шақырым жер­дегі Бригадское көліне үш досы­мен бірге барған. Жағалауда «ащы суды» сіміріп алған ол киі­мін шешпестен бірнеше рет көлге сүңгіген. Ал соңғы сүңгігеннен ке­йін жолдастары оны таба алмай қалады. Іздестіру жұмыстарына департаменттің 5 құтқарушысы мен 2 арнайы техникасы жұмыл­дырылды. Мәйіт тек бір тәуліктен кейін табылды. Қазіргі уақытта өлім себебін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама жа­салуда.

Баяндамашының айтуынша, биыл волонтерлермен біріккен департамент өкілдері шомылуға рұқсат етілмеген орындарда 1280 рейд жүргізген. Демалушыларға, жалпы, 40 мың жадынама тарат­қан рейд өкілдері жағажай аума­ғында ішімдік ішкені немесе мас күйде жүргені үшін 331 құқық бұзу­шыны жауапкершілікке тартқан. Шомылу маусымы басталғалы тыйым салынған орында суға түскен 325 солтүстікқазақ­стан­дыққа айыппұл салынды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp