Біз бір орында тұрмайтын, үнемі өзгеріске түсіп отыратын әлемде өмір сүрудеміз. Бізді бір қаладан екінші қалаға көшіп немесе саяхаттап жүрген толассыз, сансыз адамдар қоршайды. Азық пен су, жер ресурстары, жанар-жағармайға деген қажеттіліктердің өсуі, климаттың өзгеруі және тағы басқа факторлар халық санының өсуіне немесе кемуіне әсерін тигізуде.
Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында Солтүстік Қазақстан облысының демографиялық жағдайында да өзгеріс бар. 2020 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша облыстағы халық саны 547,1 мың адамды құрады. Оның ішінде қалалықтар – 253,2 мың адам (46,3 пайыз), ауылдықтар – 293,9 мың адам (53,7 пайыз). Облысымызда жаңа туған сәбилердің санында да өзгеріс бар. 2020 жылғы қаңтар-маусым ішінде 3294 нәресте туды. Олардың 1699-ы ұл болса, 1595-і қыз. Сәбилердің 42,3 пайызы облыс орталығында дүниеге келді. Ең жоғары туу көрсеткіші Уәлиханов ауданында тіркелді. Көрсеткіш – 14,51 промилле. Жоғары көрсеткіштер Жамбыл (13,64 промилле), Шал ақын (13,16 промилле), Тимирязев (12,89 промилле) аудандарында және Петропавл қаласында (12,75 промилле) тіркелді. Ал ең төменгі туу көрсеткіші Мамлют ауданында (8,83 промилле).
Өмірден өткендердің саны 3158 адамды құрады. Қан айналымы жүйесінің аурулары (барлық өлім жағдайларының 17,4 пайызы), тыныс органдарының аурулары (15,6 пайыз), ас қорыту органдарының аурулары (9 пайыз), жазатайым оқиғалар, улану мен жарақаттану (8,4 пайыз) негізгі өлім себептеріне жатады. Өлім-жітім коэффициенті 11,61 промиллені құрады.
Биылғы жылдың алты айында Қызылжар өңірінде 1124 неке тіркелді. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 17,5 пайызға төмен. Осыдан екі жыл бұрын ерлі-зайыптылардың ажырасу деңгейі өңірімізде жоғары болған еді. Биыл 469 жас отбасы ажырасып үлгерді. Бұзылған неке саны 2019 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 53 пайызға кеміді.
Облыстағы демографиялық жағдайға көші-қон өз әсерін тигізіп отыр. Атап айтқанда, бірінші жартыжылдықта 4131 солтүстікқазақстандық басқа жаққа қоныс аударса, есепті кезеңде 2398 адам көшіп кеткен. Бұл 2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 33,1 пайызға кем. Азаматтардың 87,1 пайызы ТМД елдерінен келсе, кеткендердің 94,4 пайызы да сол елдерге қоныс аударған. Солтүстікқазақстандық эмигранттардың басым бөлігі Ресей Федерациясына көшті. Бұл елге қоныс аударғандар жалпы көшушілердің 89,2 пайызын құрайды. Қызылжар өңірінің 56 тұрғыны әлемнің өзге елдеріне қоныс аударды. Олардың 94,6 пайызы Польша мен Германияға көшкен. Ал көшіп келушілердің арасында Моңғолия мен Қытай тұрғындары басым.
Ольга БУБЕНКО,
облыстық статистика департаментінің бас маманы.