«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ДЕМІККЕН» ДЕМОГРАФИЯ

Ақ қайыңды, астықты Қызылжар даласы көрген жанның көзін жаулап, тамсантпай қоймасы анық. Солтүстіктің шаруаға қолайлы кең шалғыны, көкжиек бойы жалғасқан орман-тоғайы, балығы тулаған өзен-көлі, түгін тартсаң майы шығатын топырағы жұмыстың ебін тапқан адамды табысқа шығарып, өрге бастайтыны анық. Алайда сырт көзге тұрмысқа жайлы, берекелі болып көрінгенімен теріскей өңірдің де шешілмей келе жатқан мәселелері аз емес. Солардың бірі – демографиялық ахуалдың күрделілігі.

Деректерге сенсек, 1989 жылдан бері облыс халқы 40 па­йызға азайған. Тәуелсіздік алған тұстан бастап тұрғындар саны жыл сайын үздіксіз кеміп келеді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сай жыл сайын Қы­зылжардан мыңдаған адам көшіп кетеді екен. Бүгінде мұнда 516 мыңдай тұрғын тіркелген. Ал бұдан бір жыл бұрын солтүстік­қазақстандықтар 14 мыңға көп болған. Өңірден кетіп жатқан­дардың арасында шекара асқан­дар да бар. Қызылжарда қалуды қаламайтындардың басым бөлігі – жастар. Кәрілік индексі бо­йынша Солтүстік Қазақстан об­лысы елімізде ең соңғы орын­дардың бірінде тұр. Елдегі орта­ша кәрілік индексі – 28,2 болса, өңірде 56,3. Демек, 15 жасқа дейінгі әр 100 балаға 65 жастан асқан 56 зейнеткерден келеді. Қазақстан халқының орташа жасы 32 болса, біздің өңірде 38,9. Тұрғындардың орташа жасы бо­йынша да Қызылжар соңғы орында тұр. Бүгінгі күннің өзін­де мұнда жастары аз, қарттары көп, ертеңі бұлыңғыр елді ме­кендер көп. Туу көрсеткіші де осындағы демографияның алға басуына дем бере алмай отыр. Облыста дүниеге келген сәби­лерден қайтыс болғандар саны басым. Мәселен, жарты жылда 2254 нәресте дүние есігін ашса, өмірден өткендер саны – 2999. Мұны да егде жастағылардың көп екенімен байланыстыруға болады. Бұған алты айда 1309 неке тіркеліп, 738 жұптың ажы­расқанын қосыңыз. Жастар үлесі аз болғандықтан шаңырақ көтеретіндер санының мардым­сыз екені де белгілі.

Жуырда облыстық әкімдікте өткен жиында өңір басшысы­ның орынбасары Қанат Дүзел­баев осы мәселеге ерекше тоқ­талды. Оның сөзінше, соңғы 10 жылда ауыл халқының саны 63 мың адамға азайған. Ал көші-қон сальдосы 56 мыңнан асады.

– 10 жылда сыртқа кеткен­дер 24 мың болса, 33 мың тұрғын басқа өңірлерге көшкен. Облы­сымыз халық саны азайып жат­қан жалғыз өңір және мұндағы туу көрсеткіші төмен болған­дықтан халық санын көбейту – стратегиялық міндетіміз. Өңірге жастарды тарту бойынша жұ­мыстар атқарылуда. Нәтижесінде жұмыс күшінің тапшылығы екі есеге азайды. Өз еркімен көшіп келушілерге арналған ережелерге өзгерістер енгізілуде. Жаңа өзгерістер мобильділік сертификатының көлемін 1625 АЕК-ке жеткізіп, баспананы қалдық құны бойынша сатып алуды қамтиды, – дейді Қанат Дүзелбаев.

Өңір халқының көші-қон салдарынан азайып жатқаны көңіл құлазытады. Әйтпесе 2020 жылдан бері халықтың табиғи азаю көрсеткіші 4 мың ғана. Егер миграция мәселесі шешілсе, де­мографиялық ахуал едәуір түзе­лер еді. Өкінішке қарай, бұл ба­ғыттағы жұмыстар да алға бас­пай отыр. Биыл Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі өңірге 3144 квота бөл­се, мүмкіндікті тек 1807 адам ғана пайдаланған. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасовтың айтуынша, жыл со­ңына дейін бұл жоспар 80 па­йызға ғана орындалады. Ол өңірден көшіп жатқандардың 55 пайызы жастар екенін айтады.

Айта берсе, теріскей тұрғын­дарын алаңдатып жүрген мәселе көп-ақ. Халық аз болған соң экономикалық белсенділік те төмен. Бұл тұрғындардың табы­сына да кері әсер етуде. Бір сөз­бен айтқанда, Қызылжардың халқы көбеймесе, көрсеткіштер кері кете бермек.

Өңір демографиясына серпін беруі тиіс «Серпін» бағдарлама­сының да серпілісі аз.

– Бағдарлама 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Аталған ара­лықта 1472 студент оқуға қабыл­данды. Соның 44 пайызы теріс­кейде қалды. Түлектердің жар­тысынан көбі магистратураға оқуға түсіп, бағдарлама грантын өтеуден босатылды. 446 түлектің 386-сы Солтүстік Қазақстан об­лысында жұмысқа орналасты.

Биыл оқуды аяқтаған 65 сту­денттің 15-і жұмысқа орналасты, – дейді М.Қозыбаев атындағы университеттің басқарма мүшесі Әділхан Төлепберген.

Демографиялық дағдарыс­тан шығудың бір жолы – Қы­зылжарға жастарды көптеп тарту екені белгілі. Өкініштісі, өңіріміз өзге жастарды тартудан бұрын, өз ұл-қыздарын туған аймағында ұстап қала алмай отыр. Олардың ішінде көрші елдің оқу-орында­рын таңдайтын жүздеген мектеп түлегі бар. Облыстық білім бас­қармасының басшысы Айнагүл Сұрағанованың сөзінше, биыл мектеп бітірген 3600 баланың 14 пайызы шетке кеткен. Шекара асқан жарты мың баланың қай­тадан Қызылжарға оралуына кепілдік жоқ. Бір қуанарлығы мектеп бітіруші түлектердің 64 пайызының өңірде қалғандығы.

Қыркүйек айының басында­ғы деректерге сай, елдегі адам саны 20,4 млн.-ға жеткен. Де­мографтар 2030 жылға қарай 21 миллионға жуықтаса, 2050 жылы 27 млн. болуы мүмкін екенін болжап отыр. Ел бойынша де­ректер көңіл толарлық болғаны­мен, өңірдегі көрсеткіштер атал­ған мәселенің күні ертең шешіл­мейтінін көрсетеді. Мұны зерт­теушілер де растап отыр.

– Демография мен миграция ел дамуында маңызды рөлге ие. Қазақ халқы көптеген қиындық­тар мен нәубеттерді бастан өт­керді. Енді алаңсыз өмір сүріп, өз болашағымызды ойлайтын сәт жетті. Алдағы 10 жылда елге тағы 300 мың этникалық қазақ көшіп келуі мүмкін. Алайда бұл салада көптеген мәселе бар. Жыл сайын бөлінетін квотаның саны небәрі 15 мыңның маңа­йында ғана. Бюрократиялық ке­дергілердің кесірінен бұл мүмкіндіктерді пайдалана ал­майтындар көп. Мемлекетке де­мография саласында нақты ста­тистика жүргізіп отыру қажет. Өйткені қабылданатын маңыз­ды шешімдердің көбі елдегі ха­лық санына байланысты бол­мақ, – дейді М.Қозыбаев атын­дағы СҚУ-дың оқытушысы Орынтай Абдулова.

«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» Өңірдегі күрделі демографиялық ахуал­дың артында экономика мен әлеуметтік салада жылдар бойы қордаланған мәселелер жатқаны анық. Бүгінде шағынжинақты мектептердің үлесі 70 пайызға жеткен. Жұрт жоғары табыс із­деп ірі қалаларға ағылуда. Со­ның салдарынан мегаполистер­де халық саны тым көбейіп, оларға тиісті жағдай жасауда мә­селе туындап отырғанын Мем­лекет басшысы да атап өтті. Ауылға көңіл бөлініп, өңірлер өркендеп, жергілікті жерде жо­ғары табысы бар жұмыс орында­ры ашылып жатса ағайын жеті атасының ізі қалған туған жерін тастап кетер ме еді?

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp