Қазақта “Тәні саудың – жаны сау” деген мақал бар. Себебі, денсаулық – адам баласының басты байлығы. Бірақ кейбір азаматтар маскүнемдік, нашақорлық, темекі шегу сияқты денсаулыққа зиянды әдеттерге әуес. Олардың басты қазынамызға кері әсерін тигізетіні белгілі. Бірақ мұны ескеріп жүргендер некен-саяқ.
Мысалы, темекі шегудің қоғамға, әлеуметке тигізетін зардабы көп. Ол жаһандық індет болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінгі таңда әлемнің 1,3 миллиард тұрғыны темекіге тәуелді екен. Қоғамдағы өзекті мәселенің алдын алу үшін әрбір адам зиянды әдеттен арылуға тырысып, саламатты өмір салтын берік ұстануы қажет.
Темекінің құрамындағы никотиннің адам ағзасына тигізетін зияны көп. Никотин – у, оны үлкен мөлшерде қолдану жүрек соғуын жиілетуге, бастың айналуына, вестибулярлық аппараттың жұмысының бұзылуына және адам түрінің бозарып кетуіне әкеп соқтырады. Сонымен қатар ас қорыту жүйесінің, тыныс алу мүшелерінің, тістің аурулары және басқа да сырқаттардың пайда болуына бірден-бір себепкер. Бұған беттегі әжімдер мен ұмытшақтықты да қосыңыз.
Облыстық психикалық денсаулық сақтау орталығы бас дәрігерінің орынбасары Елена Смагинаның айтуынша, темекі адам денсаулығына орны толмас зиян тигізеді. Оның шайыры темекі шеккен кезде дене мүшелеріне жеңіл өтіп кетеді. Осының салдарынан тән саулығына орасан нұқсан келеді.
– Темекінің түтінінде 5 мыңнан астам химиялық зат бар. Олар өкпеде, сүйекте, лимфа түйіршіктерінде, ішкі бездерде жиналып, ұзақ уақыт бойы сыртқа шықпай, зиянды әсерлерін жалғастыра береді. Темекі радиоизотоптары, әсіресе, “Полоний-210” және “Қорғасын-210” қатерлі ісік тудыратын улы заттар болып табылады. Оның адамның генетикасын да зақымдайтыны белгілі, – дейді дәрігер.
Соңғы кезде тұрғындар арасында электронды темекі сәнге айналуда. Оның зияны туралы айтылып та, жазылып та жүр. Мамандардың сөзіне қарасақ, ішіне сұйық ерітінді құйылған, ауыстырылатын картриджі бар және никотин жеткізетін электрондық жүйеден адам денсаулығына зиянды формальдегид, ацетальдегид, карбол қосындысы, ауыр металлдар қалайы, мыс, хром, никель және тағы да басқа химиялық заттар бөлінеді. Мұндай шылымның құрамындағы никотин адам қанына тез сіңіп, сегіз секундтың ішінде миға тарайды. Бұл алкалоидтар қан тамырларының тарылуына әсер ететіндіктен, жүрек ауруларына әкеліп соқтырады.
Өкінішке қарай, кейбір адамдар темекінің зиянын біле тұра жаман әдеттен бас тартуға асығар емес. Әсіресе, қыз-келіншектердің шылым тартуға құштарлығы жылдан-жылға артып келеді. Еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар өскелең ұрпақ та жаман әдетке әуестік танытуды тоқтатар түрі жоқ. Егер жасөспірім алғашында екі шылым шегетін болса, 100 оқиғаның 70-інде өмір бойы ерсі қылыққа тәуелді болады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын әлемде алты мыңға жуық адамның шылым шегудің салдарынан ауыр сырқаттарға тап болып, қайтыс болатынын ескертуден жалығар емес. Темекі тартатындардың кесірінен жанындағы адамдардың да денсаулығына зиян тиетіні белгілі.
Елена Смагинаның айтуынша, өңірімізде темекі тартуға әуес адамдардың нақты санын айту қиын. Өйткені, олардың көпшілігі денсаулық сақтау мекемесіне жасырын түрде тіркеліп, емдеуден өтеді екен.
– Орталық дәрігерлері тұрғындарды бұл жағымсыз әдеттен арылту үшін емдеу шараларын жүргізеді. Алайда, мұның барлығы жасырын түрде өткізіледі. Темекі шегуден емделгісі келетін адам бірден мекемеміздегі нарколог дәрігерлердің қабылдауына жазылып, өзінің денсаулығын тексеруі қажет, – деді Елена Ивановна.
Облыс орталығының тұрғыны Арман Шынтеміров он жылдан бері темекі шегіп жүргендердің бірі. Айтуынша, тапқан табысының бір бөлігін отбасына емес, шылым сатып алуға жұмсайды.
– Әрине, шылым адамның денсаулығына зиян екенін білемін. Оны ақ халатты абзал жандардан жиі естимін. Бұқаралық ақпарат құралдарында және ғаламторда да шылым тартудың залалы жайында мәліметтер беріледі. Дегенмен, бұл әдеттен арылу оңай емес, – дейді ол.
Күн өткен сайын коммуналдық төлемдердің, азық-түліктің бағасы қымбаттауда. Сол сияқты темекі тарту да қалтаға салмақ түсіреді. Дүкендегі темекінің ең арзаны 360 теңге тұрады. Күніне бір қорап шылым шегетін адам айлық жалақысының 10 мың 800 теңгесінен қағылады. Бұған жыл бойы жұмсалатын шығынды қосатын болсақ, қыруар қаржының түкке тұрғысыз, денсаулыққа зиянды затқа кетіп жатқанын байқауға болады. Бір тал темекіні шегуге орта есеппен 5 минут уақыт керек. Сонда бір күнде 2 сағат, бір айда 60 және ал жылына 720 сағат уақыт босқа кетеді.
Облыс орталығында жеке психолог болып жұмыс істейтін Дана Самұратованың пікірінше, темекіге тәуелді адамды бұл қылықтан арылту үшін көп уақыт қажет. Бірақ адамның шылым шегуді доғарайын деген талпынысы болған жағдайда ғана зиянды әдеттен арыла алады.
– Әлбетте, кез келген кертартпа қылықтың алдын алуға болады. Ең бастысы, адамның ниеті болуы қажет. Қазіргі кезде осы мәселені шешу мақсатында психолог мамандардың кеңестеріне жүгінетін адамдар бар. Дегенмен, олардың саны көп емес, – деді Дана Арыстанқызы.
Қанша айтылғанмен шылым тартатын адамдардың саны азаюдың орнына күн санап көбеюде. Бүйте берсек, адам денсаулығының құны көк тиынға да татымай қалатын шығар.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.