Елбасының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының елдің болашақ дамуына жаңаша бағыт-бағдар берер артықшылығы көп. Оны Қазақстан Республикасының әлемдегі дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі бағдарламасы деп түсінген жөн.
Елбасының “100 нақты қадам” Ұлт жоспары бәрі екшеленіп, тұжырымдалып алға қойылған айқын мақсат екені белгілі. Халық денсаулығы әрқашан мемлекеттің табысты дамуының негізі болып қала бермек. Президент нақты қадамдарының ішінде міндетті мемлекеттік медициналық сақтандыру, санитарлық алғашқы көмек ұйымдарын қаржыландыруға басымдық беру және жекеменшік медицинаны дамыту арқылы денсаулық сақтау саласында бәсекелестік орта құрып, медициналық ұйымдарға корпоративтік басқару қағидаттарын енгізу керектігін атап көрсетті.
Мәселен, 80-ші қадамда атап көрсетілгендей, алдыңғы қатарлы елдердің барлығында жүзеге асырылып жатқан міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бізде, яғни Қазақстан бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру болып жүзеге асады (МӘМС). Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төрт кезеңнен, яғни 2017 жылдан бастап, 2020 жылға дейін толықтай жүзеге асатын болады. Егер саралап айтсақ, әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша үш әлеуметтік топ шығарылады.
Бірінші топқа 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер, сондай-ақ, үш жасқа дейінгі балалар күтіміндегі аналар, “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлері, мүгедектер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, зейнеткерлер, студенттер, жұмыссыздар жатады. Екінші топқа – жұмыссыздыққа тіркелмегендер, өздерін жұмыспен қамтығандар (шағын кәсіпкерлер, базарда сауда жасайтындар, т.б.), ал үшінші топқа – жұмыс істейтіндер мен жұмыс берушілер. Бірінші, екінші топтар – мемлекет арқылы, ал үшінші топ жұмысшылар және жұмыс берушілер арқылы қаржыландырылады.
Бұл шара өз кезегінде жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Сонымен қатар, азаматтардың өз денсаулығын қорғауға жауапкершілігінің ықтимал тетіктері бойынша ықпалды механизмдерді енгізу кезек күттірмейтін шара болуы қажет.
2017 жылдан бастап жұмыс берушілер өз жұмысшыларының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорына ай сайын – 2 пайыз, 2018 жылы – 3, 2019 жылы – 4, ал 2020 жылы 5 пайыз жарна аударады. Сол сияқты өз-өзін жұмыспен қамтығандардың аударымдары 2017 жылы – 2 пайыз, 2018 жылы – 3, 2019 жылы – 5, 2020 жылы 7 пайызды құрайтын болады.
Денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды медициналық-санитарлық алғашқы көмек бағытына басымдық беру арқылы жүзеге асырып, халыққа медициналық көмек қолжетімділігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінгі күні жалпы тәжірибелі дәрігерге бекітілген тұрғындар саны – 2000-2200 адам, ал әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша учаскелік дәрігерге бекітілген тұрғындар саны 1500-ге дейін төмендетіліп, сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіміз қажет.
Елбасының Ұлт жоспарындағы 81-ші қадамда денсаулық сақтау саласында жекеменшік медициналық ұйымдардың санын ұлғайту міндеттелген. Бұл, сөз жоқ, осы саладағы бәсекелестікті дамытып, қызмет көрсету сапасын арттыруға жағдай жасайды. Медициналық қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруға септігін тигізетіні анық. Жеке медицина ұйымдарының мемлекеттік тапсырыс алардан бұрын тиісті талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Сондықтан біз Елбасы айтқан Қазақстан халқының 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуына өз үлесімізді қосуды мақсат етіп отырмыз.
Саят МОЛДАХМЕТОВ,
Айыртау аудандық орталық
ауруханасының бас дәрігері.
Айыртау ауданы.