«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДЕНСАУЛЫҚ КҮНІ” – ШАҢҒЫ ЖОЛЫНДА

Облыс тұрғындары Борки кентіндегі шаңғы базасында дәстүрлі “Денсаулық күнін” атап өтті. Осымен жиырмасыншы рет саламатты өмір салтын насихаттаған спорттық шара барысында облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұртшылықпен бірге жаппай шаңғы тебу жарысына қатысты.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мұрындық болуымен қолға алынған аталмыш шара 700-ден астам солтүстікқазақстандықты тоғыстырды. Табиғат аясында ұйымдастырылған бұқаралық спортты дамытуды және саламатты өмір салтын насихаттауды көздеген жарысқа жиналған жұрттың көңіл күйі көтеріңкі. Оған спортпен шұғылдануға қолайлы болған бұл күнгі ауа райының да әсері мол болды.  

Спорт шарасының ашылу салтанатында облыс әкімі Ерік Сұлтанов жиналған жұртшылықты құттықтады.

– Жылдан-жылға шаңғы тебуге қатысушылар санының артқаны қуантады. Бұқаралық спортты дамыту үшін облыста қажетті жағдай жасалуда. Спорт алаңдары салынып, жаңартылуда. Бүгінде өңірдегі олардың саны 2500 шамасында. Бәрінде де спортпен шұғылдануға мүмкіндік бар. Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін ел халқының кемінде отыз пайызы бұқаралық спортпен белсенді айналысу қажеттігі хақында тапсырма берген еді. Біз бұған да жетіп қалдық. Бүгінде 150 мыңнан астам солтүстікқазақстандық спортпен шұғылданады. Құрметті достар! “Денсаулық күніне” қатысу арқылы сіздер саламатты өмір салтын ұстанатындарыңызды дәлелдеп қана қоймай, сонымен бірге өскелең ұрпаққа үлгі жасап отырсыздар, – деді Ерік Хамзаұлы.

Жарыс жолына шыққан мемлекеттік қызметшілер, кәсіпорын жұмысшылары, мектеп оқушылары, студенттер және басқа да қала тұрғындары кім мықтыны анықтады. Нәзік жандар 1 шақырымдық қашықтықта күш сынасса, ерлер 2 шақырымды бағындырды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp