
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыс тұрғындары жыл сайынғы республикалық “Денсаулық” фестиваліне куә болды. Оны облыстық Денсаулық сақтау басқармасы саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының қолдауымен өткізді.
300-дей адам қатысады деп жоспарланған аталмыш фестиваль 400-ден астам тұрғынды тоғыстырды. Сенбілік демалысты дене шынықтыру жаттығуларынан бастаймын деген олар қаланың орталық алаңына жиналды. “Нептун” фитнес-клубынан келген жаттықтырушылар қалалықтарға әртүрлі спорттық жаттығулар көрсетті. Алдыңғы қатарда тұрған “Ашық аспан” балабақшасынан келген бүлдіршіндер үшін бұл күн ата-аналарымен өткізген есте қаларлықтай тамаша бір сәт болды. Студенттер мен мектеп оқушылары, зейнеткерлер мен әртүрлі саланың қызметкерлері жаттықтырушыларға ұйып, бірнеше сағатын денсаулыққа арнағандарына дән риза. Әсіресе жиналғандарды орталық алаңда құрылған шағын қалашықтың тегін медициналық қызмет түрлері қызықтырды. Қаланың емханалары мен облыстық ауруханаларының көмегімен құрылған шағын медициналық қалашықта қан қысымы мен оның құрамындағы қантты тегін тексеруге мүмкіндік туды. Нәтижесінде 200-ден астам адам тексерілді. “Денсаулық” фестивалі облыс орталығында ғана емес, өңіріміздің ауыл-аймақтарында да ұйымдастырылды.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.