Уәлиханов аудандық мәслихатының депутаттары аз қамтылған отбасылардың балаларына, жетім және мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек көрсетіп, бүлдіршіндерді тәтті сыйлықтармен бір қуантып тастады. “Біз сенің ұландарыңбыз, Қазақстан! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!” атты акция аясында аудандағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне баратын мүмкіндігі шектеулі балалар ерекше назарға алынды.
Телжан, Қызылту, Элеватор және Ақбұлақ сайлау округтерінің депутаттары бүлдіршіндерге ойыншықтар мен тәтті сыйлықтарды табыс етті. Мұндай сый-сияпатқа кенелген балалардың қуанышында шек болмады. Строительный сайлау округінің депутаты №1 Кішкенекөл орта мектебінің маңында құрылысы жоспарланып отырған хоккей кортын салуға шамамен 70-80 мың теңгеге демеушілік көмек көрсетуге уәде берсе, Беловод сайлау округінің депутаты осы мектептің бастауыш сынып оқушыларына тәтті сыйлықтардан тарту жасады.
Қарасу, Көктерек және Қаратерек ауылдық округтеріндегі мектептер жанындағы шағын орталықтар да ойыншықтарға кенелмек. Оған осы округтерден сайланған халық қалаулылары мүмкіндігінше қайырымдылық көмек қолын созған болатын. Ақтүйесай және Бидайық сайлау округтерінің депутаттары да көпбалалы және толық емес отбасылардың балаларына жазғы киім-кешектер сатып алуға жәрдемдесіп, оларды толғандырған мәселелермен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды.
Қайырымдылық шарасын облыстық мәслихаттың депутаты Рашида Темірбекова да қолдап, “Күншуақ” балабақшасына ойыншықтар сатып алуға қаржылай қолдау көрсетіп, жүздері бал-бұл жанған бүлдіршіндерге тәтті сыйлықтар таратты.
Айжан ТӨЛЕУБАЕВА,
Уәлиханов аудандық мәслихатының бас маманы.