Солтүстік Қазақстан облысының депутаттар құрамасы Түмен облысының Ишим қаласында өткен халықаралық жарыстан жүлдемен оралды. Жарыс Жеңістің 70 жылдығына орайластырылды.
Солтүстік Қазақстан облысының депутаттар қауымы мен Түмен облыстық Думасының арасында әлеуметтік-экономикалық салалар бойынша тығыз байланыс орнаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, екі облыс арасындағы достық қарым-қатынасты аталмыш жарыс одан әрі нығайта түспек.
Жеңістің 70 жылдығына арналған жарыс үстел теннисі, шахмат, волейбол және бильярд сияқты спорт түрлерін қамтыды. Солтүстікқазақстандық команда жарыстың барлық түрлерінен жақсы нәтижелерге жетті. Шахматтан өзара бақ сынасып, мықтыны анықтаған алты ойыншының қатарында біздің облыстан Кәрібай Мұсырман мен Олег Капустин бар. Бұл кездесуде Ресейдің халық қалаулылары басымдыққа ие болып, біздің шахматшылар үшінші орынды иеленді.
Үстел теннисінде жеңімпаз балдық жүйе бойынша анықталды. Жеңілген спортшыға бір ұпай берілсе, жеңген теннисші 2 балға ие болды. Қорытындысында солтүстікқазақстандық теннисшілер 2-ші орынға табан тіреді. Теннистен Иса Аллахяров пен Гюлага Илдырымов шебер ойын өрнегін көрсетті.
Волейбол алаңында үш команда тартысып, ойын солтүстікқазақстандық депутаттардың пайдасына шешілді. Волейболшылар командасында болған Қайырлы Едіресов, Геннадий Беляев, Василий Сорокотяга, Төлеген Жәкенов, Александр Кувшинов, Валерий Шабановтардың ойыны жанкүйерлерінің көңілінен шығып, бірінші орынға лайықталды.
Бильярдтан Сергей Тимофеев пен Серік Ахметбеков көш бастап, кубокқа және “Единая Россия” партиясының алғыс хатына ие болды. Жалпыкомандалық есепте жерлестеріміз бірінші орынды иеленді.
Көршілес өңірлердің депутаттары өзара бағалы сыйлықтармен алмасып, келер жылы спорттық сайысты Петропавлда өткізетін болып келісті.
Облыстық мәслихаттың
баспасөз қызметі.