Парламент депутаттары Мәулен Әшімбаев, Қуаныш Сұлтанов, Серік Біләлов, Ольга Перепечина, Мұрат Теміржанов, Сергей Звольский және Петр Шарапаев облыс активімен кездесті.
Кездесуді ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов жиналғандарды өткен жылы аймақта атқарылған жұмыстармен қысқаша таныстырып, алда тұрған ауқымды міндеттерді атап өтті. Өңірімізден сайланған Мәжіліс депутаты Сергей Звольский 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның маңызына тоқталды.
– Жаңа бағдарлама егін шаруашылығында өнімділікті 40, ал мал шаруашылығында 60 пайызға арттыруды көздейді. Субсидия беру ашық жүргізілуі және қолжетімді болуы керек. Өкінішке қарай, қазір ауылдағы кей шаруалар мемлекеттік қолдаудың қаржысын қалай алуды да білмейді. Осы тұрғыда жұмысты жандандыруымыз қажет, – деді депутат.
Сондай-ақ, кездесу барысында отандық кәсіпкерліктің дамуы, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы, ел экономикасын нығайту мәселелері айтылды.