«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕПУТАТТАР ТАҢДАУ ЖАСАДЫ

Кеше Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатын сайлау жөніндегі облыс таңдаушыларының бірлескен отырысы өтті. Оған барлық деңгейдегі мәслихаттардың 215 депутатының 209-ы қатысып, өз таңдауларын жасады.

Отырысты ашқан облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко бұл саяси шараға облыстық сайлау комиссиясының мүшелері, үміткерлердің сенім білдірген адамдары мен Ресей Федерациясының Түмен, Қорған облыстарынан келген халықаралық байқаушылардың қатысып отырғанын жеткізді.

Парламент Сенаты депутатын сайлауға байланысты хабарлама жасаған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Бейбіт Исманов өңірден Сенат депутаттығынан үміткер болып тіркелген 5 кандидаттың екеуі өз кандидатурасын алып тастауына байланысты таңдау “Солтүстік” ӘКК ҰК” АҚ-ның басқарма төрағасы Есжан Оразалин, Солтүстік Қазақстан облыстық жер инспекциясы басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев пен “Нұр Отан” партиясының мүшесі, өзін-өзі ұсынушы Ерік Сұлтановтың арасынан жасалатынын мәлімдеді.

Арнайы жасақталған кабиналарда таңдау жасалған соң облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Бейбіт Исманов санақ қорытындысын жариялады. Сенат депутаттығына үміткер Ерік Сұлтанов таңдаушылардың 176 дауысына ие болса, Есжан Оразалин мен Мейрам Меңдібаев 16 дауыстан жинады. Бір бюллетень жарамсыз деп танылды.

Жиын соңында сөз алған Ерік Сұлтанов өзіне жоғары сенім білдірген таңдаушыларға алғысын жеткізіп, жүктелген жауапкершілікті ақтауға тырысатынын айтты. Саяси шараның өту барысын бақылаған халықаралық байқаушылардың бірі Валерий Самокрутов сайлаудың жоғары деңгейде және заң бұзушылықсыз өткенін айтты.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp