«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ДЕПУТАТ КӨПКЕ ҮЛГІ БОЛУЫ КЕРЕК»

Мәркен Уәйісов – Тимирязев аудандық мәсли­хатының №3 сайлау округі бойынша депутаты, бюджет, салық, және қаржы, экология, кәсіп­керлік қызмет, экономика салаларын дамыту мә­селелері жөніндегі тұрақты комиссияның төраға­сы. «Северная Топливная Компания» ЖШС Сулы мұнай базасының меңгерушісі, «AMANAT» партиясының мүшесі.

Не үшін депутат болдым?

Тұрғындарға сайлауалды бағдарламамды таныстырған кезде округімнің, ауданның әрбір тұрғынының әл-ауқатын арттыру үшін барынша күш са­луды басшылыққа алатыным­ды айтқан болатынмын. Мен қатарынан екі шақырылымда бағымды сынадым. Екеуінде де сайлаушылардың 70 пайыздан астам дауысын жинағаным – бұл сынақты абыроймен еңсер­генімнің белгісі. Жергілікті тұрғындардың қолдауы – адам­ды адал еңбек етуге қанаттан­дырады. Еңбек жолымды осы ауданда бастадым. Комбайн­шы, Целинное ауылында астық қабылдау операторы мен мең­герушісі болып еңбек еттім. Сулы мұнай базасының менед­жеріне дейін көтерілдім. Қазіргі уақытта «Северная Топливная Компания» ЖШС-ның Сулы мұнай базасының меңге­рушісімін. 60 адамнан тұратын ұжымды 10 жыл басқарып ке­лемін. Біздің серіктестіктің басты байлығы – ұжымы. Кәсіпорында білікті мамандар жұ­мыс істейді. Біз белсенді дема­лысқа, саламатты өмір салтын ұстануға көп көңіл бөлеміз. Осындай жүйелі жұмыс менің сайлауға түсуіме себепші бол­ды. Адамның жүрген жолы, ор­тасы, көрген-түйгені, тәжіри­бесі белгілі бір белесті бағын­дыруға көмектеседі. Қарапа­йым жұмысшыдан бастап, ең­бек сатысы бойынша көтері­луім, ұжыммен түсінісе жұмыс істеуім халықпен де тіл табы­суыма, олардың көкейінде жүрген мәселелерді түсініп, шешуге мүмкіндік берді.

Сайлаушыларға қандай уәде бердім?

Аудандық мәслихат депу­таттығына өз кандидатурамды ұсынған кезде әдеттегідей сай­лау округінің әлеуметтік-эко­номикалық даму мәселелерін сараладым. Сайлаушылардың өтініштерін атқарушы орган­дармен бірлесе отырып, толық орындадым деуге болады. Бірақ бұл сайлау округінің барлық мәселелері шешілді деген сөз емес.

Елді мекендердің келбетін бұзатын қараусыз қалған ғима­раттарды сүру мәселесі әлі де өзекті. Осындай түйінді мәсе­лелерге бейжай қарамау – де­путаттың міндеті. Бюджет, са­лық және қаржы, экология, кәсіпкерлік қызмет, экономи­ка салаларын дамыту мәселе­леріне жетекшілік ететін тұрақ­ты комиссиясының төрағасы болғандықтан Тимирязев ауда­нының бюджетін бекітуге, нақ­тылауға, орындауға байланыс­ты өзекті мәселелерді асқан жауапкершілікпен қараймын. Осыған қатысты тұрақты ко­миссияның 6 отырысы өтті онда аудан және 16 ауылдық округ бюджеттеріне өзгерістер енгізу туралы мәселелер қарал­ды.

Қай уәдемді орындадым?

Елді мекендердің инфрақұ­рылымы жақсарса, адамдардың өмір сүру деңгейі де көтеріледі. Оң нәтижелер бар екенін айта кеткен жөн. Ұрпаққа сапалы білім беретін мектептер жөн­деліп, заманауи жабдықтар са­тып алынуда, балаларға арнал­ған және спорт алаңдары орна­тылуда, жолдар қалыпты жағ­дайға келтірілуде. Мәселен, былтыр Хмельницкое ауылына кіреберіс жолды жөндеу аяқ­талды. Сол округтегі ауылдық клубта блок-модульдік қазан­дық орнатылды. Ал Докучаев ауылдық округінде медицина­лық пунктің құрылысы аяқтал­ды.

Мен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының депу­таттық фракциясының төраға­сымын. Сондықтан жыл бойы депутаттармен бірлесіп, аудан­ның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды мәселе­лер – сапалы ауызсумен қамта­масыз ету, білім беру, мәде­ниет, спорт, жол объектілерін салу және жөндеу сапасына мо­ниторинг жүргіземін. Депутат­тардың елеулі еңбегінің нәти­жесінде Ақсуат, Дмитриевка, Степное ауылдарында мәдени- сауықтыру орталықтары пайда­лануға берілді. Ақжан, Доку­чаев, Мичурин ауылдық округ­терінде медициналық пунк­тердің құрылысы аяқталды. Тимирязев және Құртай ауыл­дық округтерінің кентішілік жолдары жөнделді. Сондай-ақ бірқатар оқу орындарында, өнер мектебінде және балабақ­шада күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Халық маған сене ме?

Мемлекеттік қызметшілер сияқты депутаттың да әр іс- әрекеті көпке үлгі-өнеге болуы керек. Мен саламатты өмір сал­тын ұстанамын. Хоккеймен бұ­рын кәсіби түрде айналысқан­дықтан әртүрлі деңгейдегі жа­рыстарға спорт командасының қатысуына үнемі демеушілік жасаймын. Әріптестеріммен бірлесіп аудандық «Лидер» футбол клубына демеушілік көрсетеміз. Әсіресе, жас хок­кейшілерді белсенді қолдауға баса назар аударамыз. Себебі дарынды балалар – ауданның болашағы. Егер өскелең ұрпақ туған өлкенің қолдауы мен қамқорлығын сезінсе, ол өз елінің патриоты болып ерже­теді.

Қазақ халқы «Жақсылық жасасаң да – өзіңнен, жаман­дық жасасаң да – өзіңнен» деп өмірдің түзуі мен бұралаңын екі ауыз сөзге сыйдырған. Яғни мейірімді, жанашыр болу адам­ның өзіне байланысты. Аудан депутаттары әрдайым мұқтаж жандарға көмектесу үшін қол­дан келгеннің бәрін жасауға тырысады. Көмек сұраған жан шынымен де қысылып тұрса, оның бетін қайтарған емеспіз. Еңбек ардагерлеріне, тыл ең­беккерлеріне, зейнеткерлерге көңіл бөлінеді. Әрқайсысын жылы сөзбен демеу, материал­дық жағынан қолдау аса ма­ңызды. Сайлау округінің кез келген тұрғыны көкейде жүр­ген мәселелерін тікелей келіп айта алады. Әр айдың екінші сейсенбісі мен сәрсенбісі аза­маттарды қабылдаймын. Мұн­дай ашық қабылдаулар мен кездесулер халық пен депутат­тарды жақындастырады. Ал кө­терілген проблемаларға жедел ден қою, кері байланыс орнату депутатқа ғана емес, жалпы билікке деген сенімді арттыра­ды. Осындай кездесулердің қо­рытындысы бойынша тиісті органдарға жазбаша сұрау са­лып, оның шешілу жолын ба­қылауымда ұстап отырамын.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Сайлаушы пікірі

Депутат Мәркен Уәйісов өзекті әлеуметтік мәселелерді ше­шуде белсенді және тұрғындардың өтініш-тілегіне жауап­кершілікпен қарайды. Әсіресе, әлеуметтік салаға ерекше назар аударады. Сайлаушылар алдындағы адалдығының арқасында Мәркен Арыстанұлы жергілікті тұрғындармен тығыз байланыс орнатты. Оларды толғандырған мәселелерді назарда ұстап, өзектілерін шешу үшін қажетті шаралар қабылдауда. Ауылдың жүйелі дамуы үшін инфрақұрылымның маңызы зор. Жолдың са­пасы жақсарса, елді мекендер арасындағы қозғалысты жеңіл­детіп қана қоймай, ауылдағы экономикалық байланыстардың дамуына ықпал етеді. Депутат жанашырлық танытқан соң, тұрғындар да ауылдың қоғамдық өміріне белсенді араласады.

Ирина ПОПОВА,

Хмельницкое ауылының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp