«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕРТТІ БІРГЕ ЖЕҢЕМІЗ

Біздің өңірде адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырудың алғашқы жағдайы 1989 жылы тіркелді. Отыз жылдың ішінде медицина едәуір алға қадам басты. Сондықтан бұл диагноз науқасқа үкім емес. Бүгінде осы сырқат түрін емдеуге бағытталған іс-шаралар ұзақ әрі бақытты өмір сүруге мүмкіндік береді.

Науқастарға тағайындалатын антиретровирустық терапия АИТВ-ны толық емдей алмайды. Бірақ иммундық жүйенің бұзылуын тоқтатуға көмектеседі. Өйткені, дәрі-дәрмекті уақтылы және үздіксіз қабылдағанда вирус белгісіз мәнге дейін басылады. Яғни, қанға аз мөлшерде барып, АИТВ-ның берілу қаупі айтарлықтай төмендейді. Дегенмен, науқас дәріні қабылдауды тоқтатса, қайта өршиді. Сондықтан облыстық ЖИТС орталығы дәрігерлерінің маңызды міндеттерінің бірі – науқастарға ем қабылдаудың қажеттілігін түсіндіру.
Бүгінде облыстық ЖИТС орталығында 1100 тұрғын есепте тұр. Қауіпті диагнозға қарамастан, олардың көпшілігі толыққанды өмір сүруде. Еңбек етіп, шаңырақ көтеріп, дүниеге сәби әкелуде. Жүкті әйелдер есепке тұрған кезде кемінде екі рет АИТВ инфекциясына тексеріледі. Егер әйелде инфекция анықталса, бірден антиретровирустық терапия тағайындалады. Аурудың алдын алу мен барлық нұсқамалар орындалса, әдетте жатырдағы балаға инфекция жұқпайды. Бірақ сәби өмірге келген алғашқы күннен бастап салмағына орай шәрбат түріндегі антиретровирустық дәрілер тағайындалады. Екі жасқа дейін бала дәрігерлердің бақылауында болады. Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының терапевт дәрігері Елена Грин өз тәжірибесінде есепте тұрған балалардың талайын қатарға қосты. Осы уақытқа дейін өңірімізде дертке шалдыққан 70 шақты әйел өмірге дені сау сәби әкелді.
Бізде ауруға шалдыққан әйелдер арасында бір емес, бірнеше рет ана атанғандары да бар. Науқастарды емдеуде кейбірінің есірткіге тәуелділігі жұмысымызды біршама қиындатады. Инфекцияның негізгі берілу жолы – есірткі құралдары мен психобелсенді заттарды көктамыр арқылы тұтыну. Мұндай жағдайда бірден екі аурумен күресу қажет.
ЖИТС орталығындағы науқастарды емдеу мемлекет есебінен жүргізіледі. Өйткені, бұл әлеуметтік маңызды аурулардың тізіміне енеді. Осы санаттағы науқастарды емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүзеге асырылады. Өткен жылы өңір тұрғындары арасында АИТВ жұқтырғандарды диагностикалау, аурудың алдын алу және емдеу үшін 290 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржының 64 пайызы антиретровирустық дәрілерді сатып алуға жұмсалды.


Рашида ИВАНОВА,
әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры
облыстық филиалы директорының орынбасары,
жоғары санатты дәрігер. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp