Петропавл қаласы ішкі істер басқармасына қарасты жол-патруль батальонының қызметкерлері өткен демалыс күндері түн ауа өзенге құлаған 19 жастағы студентті батып бара жатқан жерінен құтқарып қалды.
Оқиға былай болған. Всеволод Кондратенко деген азамат түн ішінде Есіл өзенінің маңында көмекке шақырып, жан-дәрмен айғайға басқан адамның дауысын естіп, «102» нөміріне хабарлаған. Аға сержант Арман Тасжанов пен кіші сержант Нұрсұлтан Дәуренбеков өзенге жеткенімен, түн қараңғысында студентті таба алмайды. Жағалаудан жарық түсіріп тұрған Всеволод Кондратенко бар және көмекке келген сержанттар Медет Сәрсекеев пен Аслан Белгібаев бесеулеп жүріп, әл-дәрмені құрыған студентті судан алып шығады.
Суық суға малшынып, өлім халіне жеткен жігіт шақыру бойынша жеткен жедел медициналық жәрдем дәрігерлері ем-дом жасағаннан кейін ғана есін жиған.