Айыртау ауданындағы “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы Шалқар филиалының аумағында жуырда төтенше жағдай қалыптасты. Шалқар көлі көсіліп жатқан шоқының үстіртінде құрғақ шөп өртенді. Адамдар Көкше өңірінің қайталанбас таңғажайып көрінісін тамашалауға және демалу үшін оның беткейіне жиі шығады. Солардың біреуінің абайсыздығынан немесе сөндірілмеген темекі тұқылынан өрт шығып, құрғақ шөп қаулап жана бастаған.
Тілсіз жауды сөндіруге орман шаруашылығы, ТЖ қызметкерлері, “Ключи” ерікті өртке қарсы құрылымы, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, барлығы отыздан астам адам қатысты. Желдің салдарынан өрттің орманды шарпу қаупі туындады. Автоцистернамен көтерілу мүмкін болмағандықтан, адамдар сақпандарды және аспалы субүркуіштерді қолдануға мәжбүр болды. Бірлескен іс-қимыл нәтижесінде өрт ауыздықталып, оның орманға жайылу қаупі жойылды.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы.