Жер шарында көп тараған жұқпалы аурулардың бірі – дизентерия. Бұл кеселдің басты таратушысы – науқас адам.
Дизентерия қоздырғышы негізінен адамның түрлі ішектерінде көптеп өсіп-өнеді. Жеке бас гигиенасы талаптарын дұрыс сақтамаған жағдайда бұл қоздырғыштар қолға жұғып, ауруды одан әрі тарата тылуыеа әкеліп соқтырады.
Сақтық үшін әр адам тамақ ішер алдында қолын сабындап жууы керек. Қол тазалығына әркімнің ерекше мән беруі індеттің алдын алудың бірден-бір жолы. Дизентерия қоздырғыштары сонымен қатар, топырақта, үйде пайдаланылатын тұрмыстық заттарда, тағамдарда ұзақ уақыт сақталады. Тіпті, кейбір жағдайда өсіп-өнуіне мүмкіндік алады. Сондықтан оларды сақтықпен пайдаланған жөн. Яғни, сүт пен суды қайнатып ішу, жеміс- жидекті ағынды сумен жуу қажет.
Дизентерия, әсіресе, жаз айларында кеңінен тарайды. Бұл кезде балалар балық аулауға өзенге, көлге шомылуға құмар болады. Бұл сулар түрлі жұқпалы аурулардың қоздырғыштарына толы. Шыбындар – жұқпалы ауруларды таратушылар. Кеселге ұшыраған жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну керек.
Хайырбек ҚОЖАХМЕТОВ,
дәрігер.