Петропавлда “Жас Отан” жастар қанатының облыстық филиалының мұрындық болуымен ұйымдастырылған дәстүрлі “PetroCup – 2016” аула футбол лигасы аяқталды.
Облыстағы аула және әуесқой командалардың басын біріктіріп, өңірде футбол қозғалысын құруды көздеген спорттық сайысқа 27 команда қатысса, қатысушылардың 16 үздігі плей-офф сынына шыққан болатын. Екі айға созылған сайыстың ақтық кездесулері облыс орталығындағы №4 орта мектебінің футбол алаңында өтіп, үздік үштік анықталды.
Тартысты өткен ойындардың барысында “Ұлттық банк” пен “Тұлпар” құрамалары екінші және үшінші орынға ие болды. Ал жасыл алаңда қарсыласын 5:2 есебімен жеңген “Динамо” командасы турнирдің жеңімпазы атанды.