Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі, полиция подполковнигі Динара Сағындықова Ресей Ішкі істер министрлігінің “Щит и перо” халықаралық конкурсының жеңімпазы атанды.
2001 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан халықаралық байқау жеңімпаздарын құттықтаған Ресей Федерациясы Ішкі істер министрі полиция генералы Владимир Колокольцев қазылар алқасының құрамында болған атақты қоғам қайраткерлері мен федералдық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары бірнеше мың автордың еңбегін қатал іріктеуден өткізгенін айтты. Қоғамның қорғаны, тәртіптің сақшысы бола білген полицейлердің күнделікті тыныс-тіршілігі жайлы жүйелі жазып жүрген Леонид Каневский, Владимир Соловьев, Алексей Пиманов, Анна Шафран, Павел Брыкин сынды қарымды қалам иелерімен бірге әріптесіміз Динара Сағындықованың да мерейі үстем болды. Өңіріміздің тәртіп сақшыларының Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлардың ерлігіне тағзым етуі жайлы жазған “Даңқ жолы” шығармашылық жұмысы “Ынтымақтастық” аталымы бойынша үздік деп танылды. ТМД елдерінен қатысқан 30 номинанттың арасынан озық шыққан үштікті Өзбекстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің “На посту” орыс редакциясының меңгерушісі Георгий Петросян және Ресей Ішкі істер министрлігінің “Профессионал” ғылыми-тәжірибелік альманахы бас редакторының орынбасары Валерий Кулик түйіндеді. Өңіріміздің намысын қорғаған дарынды полиция подполковнигі марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін ерекше сезімге бөленгенін айтады. Әсіресе, мүлде танымайтын адамдар сахнаға жүгіріп шығып құттықтаса, Ресейдің Ішкі істер министрлігінің оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық курсанттардың жүзіндегі мақтаныш сезімі қуаныш иесінің көңілін одан сайын толқытқан. “Бұл жеңіс – қызметкерлерді патриоттыққа тәрбиелеудегі, ұрпақ сабақтастығын сақтаудағы ведомство жұмысының жемісі”, – дейді Динара Сағындықова. Шығармашылық қабілетімен абырой биігінен көрінген әріптесін облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев та құттықтап: “Жеңіс құтты болсын, Динара! Біз сені мақтан тұтамыз! Жаңа шығармашылық ізденістер күтеміз!” – деген тілегін жолдады.