
С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актрисасы Динара Қайырбекова облысымызда кәсіби театр ашылғаннан бері тапжылмастан 15 жыл бойы қызмет етіп келеді. Ол бірталай рөлдерді сомдап үлгерді. Ана рөлдерін қайталанбас мәнерде ойнап жүрген актрисамен кезекті қойылымнан кейін сұхбаттасудың сәті түсті.
– Динара Қайырбекқызы, театрымызда бұрыннан қызмет етіп жүрген актрисалардың бірісіз. Театрдың құрылғанына – биыл 15 жыл. Айтарлықтай көп уақыт емес. Десе де, қорытынды жасайтын межелі шақ. Өзіңіз үшін бұл 15 жыл несімен есте қалды? Неден ұтып, қай жерде ұтылдым деп ойлайсыз?
– Театрға 2000 жылы жұмысқа орналастым. Петропавлда жаңа театр ашылды дегеннен-ақ осында қызмет істегім келді. Жастық шақ, албырттық, мамандығыңа деген шексіз сүйіспеншілік туып-өскен жерімізден жыраққа кеткенімізді уайымдатқан жоқ. Әуелден атымды шығарып, танымал әртіс болайын деген мақсатым болған жоқ. Театрда қандай қойылым сахналанса да, сол спектакльден қалыс қалмай, ұжыммен бірге өсіп, біте қайнасып қызмет еткім келді. Басты кейіпкер, қосалқы рөл деп санаспадық. “Мына рөлді маған беріңіз” деп те таласқан емеспін. Бірақ қазір өткенге көз жүгіртіп, ойнаған рөлдерімді саралаған сайын өзім сырттай ұнатқан кейіпкерлерім үшін таласуым да керек пе еді деп ойлаймын. Дегенмен, өткенге еш өкінішім жоқ. Берілген рөлді абыроймен орындап шықсам, мен үшін соның өзі мәртебе. Себебі, сахна десе, ішер асымды жерге қоятын адамның бірі – өзіммін. Оның үстіне көпбалалы анамын. Балаларымның жеткен жетістігі – менің арманымның орындалғаны. Бұл өмірде мен үшін отбасымнан басқа асыл дүние жоқ.
– Жасыратыны жоқ, актриса үшін отбасын құру, үйлі-баранды болудың өзі қиындыққа толы. Оны тарихта өткен небір талантты актрисалардың өмір-баяндарына қарап та бағамдауға болатын сияқты. Мамандығыңызда да жетістіктерге жетіп, отбасыңызды да шайқалтпай, көпбалалы ана атанудың өзі ғажап екен. Оның құпиясы неде?
– Расында да, сахна өнерін таңдаған қыз балаға мамандық пен отбасын қатар алып жүру қиынға соғады. Бұл мәселемен жақсы таныспын. Көп жағдайда актрисаларға отбасы мен мамандықтың арасында таңдау жасауы тиіс сәттер де кездеседі. Өмірлік жарын әріптестері арасынан тапса жақсы ғой. Онда екеуі де тіл табысып, ортақтаса қызмет етеді. Актрисалық жолды таңдағанымда ата-анам үзілді-кесілді осы себептен қарсы болса керек. Өзім қыз тәрбиелеп отырмын. “Анашым, өскенде сіз сияқты актриса боламын”, – дейді қызым. Анамды мен енді ғана түсініп отырмын. Сахнадағы қыз баланың өмірі түрлі қиындықтарға толы.
Менің жұбайым құқық қорғау саласында қызмет етеді. Соған қарамастан, жұбайымның театр өнеріне сүйіспеншілігі зор. Бос уақыты табыла қалса, менімен бірге театрға келіп, қойылымдарды көреді. Бүгінгі күні балаларымызды ертіп, бірге барамыз. Содан кейін қойылымды үйге келіп, талқылаймыз. Ойымызбен бөлісеміз. Құдайға шүкір, жұбайымның қолдауының арқасында сүйікті қызметімді істеп келемін. Мені гастрольдік сапарларға да жіберіп тұрады. Театрымыз 2003 жылы Каирге халықаралық театр фестиваліне баратын болды. Онда Ғ.Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” пьесасының желісі бойынша қойылған “Шың басында” атты спектакльді көрсеттік. Сол кездегі режиссеріміз Каирге театр труппасымен менің де баратындығымды айтты. Бұл жаңалықты естігенімде не қуанарымды, не жыларымды білмедім. Отбасын құрып, тұңғышымыз дүниеге келген еді. Мен бірден жұбайыма қоңырау шалып, хабарды жеткіздім. Телефон тұтқасының арғы жағынан: “Балаға кім қарайды? Қайда барасың?” – дегенді естимін деп, іштей дайындалып тұрған едім. Ол: “Дико, бұл жақсы жаңалық қой. Ештеңеге қарама! Өзім бас-көз боламын. Бар”,– дегенде қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздағаны есімде. Менің ойымша, отбасы берік болуы үшін ерлі-зайыптылар арасында сүйіспеншіліктен бұрын сыйластық болуы тиіс. Сонда ғана отбасы берік болады. Анамның берген ақыл-кеңесі осы болатын. Ол кісі әрдайым ең бастысы сыйластық деп қайталаудан жалықпаған. Оған қоса, астымыздағы атымыз пысқырса да, Алладан рақым тілеп, тәубесін айтып отыратын біз үшін бүгінгі күні жеткен жетістігіміз Құдайдың берген берекесінің арқасында болса керек. Құдайға шүкір, бес баланың анасымын. Жұбайым екеуіміз отбасын құрғанымызға 15 жыл болды. 4 ұл,1 қыз тәрбиелеп отырмыз.
– Қай жерде туып-өстіңіз?
– Мен Қарағанды облысындағы Қасым Аманжолов ауылында туып-өстім. Атақты Мәди, Тәттімбет дүниеге келген Қарқаралының қызымын. Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің “Актер өнері” бөлімін тамамдадық. Содан кейін оқытушымыз: “Петропавлда жаңадан қазақ театры ашылыпты. Соған жұмысқа тұрыңдар”, – деп бізді осы жаққа жіберді. Бізді деп тұрғаным, қасымда актриса Сымбат Ыбыраева деген құрбым бар еді. Бұл қалада екеумізде де не туыс, не досымыз жоқ еді. Ол кезде театрдың режиссері әрі директоры Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек бізді вокзалдан өзі күтіп алды. Пәтерге орналастырды. Театрдың ұжымымен танысып, сіңісіп кеттік. Кейін Қызылжар қаласында тұрмыс құрып, отбасылы болдық.
– Қандай рөлдерді сомдадыңыз?
– Алғашында театрда қойылған ертегі спектакльдерінде ойнадым. Әсіресе, түлкі, мыстан кемпір, мысық рөлдерін сомдап жүрдім. “Қысылғаннан қыз болдық”, “Көгілдір такси”, “Шыңғысханның ақ бұлты”, “Қызғаншақ қыздардың кеші”, “Кармен”, “Қыз Жібек” спектакльдерінде әртүрлі рөлдерді сомдадым. “Қозы Көрпеш-Баян сұлуда” – Қозының анасы, “Жетім тағдырда” – Жазираның анасының рөлі берілді. Және Жеңіс күніне орай сахналанған “Әйелге әжім салған соғыс” атты қойылымда майданға аттанған әйелдің бейнесін жасадым.
– Байқасам, сахнада көбінесе аналардың рөлдерін сомдаған екенсіз. Бұл болмысыңыздың көрінісі болса керек?
– Сіз солай ойлайсыз ба? Онда Станиславскийдің “Артистің көкірегінде өзі бейнелеп тұрған адамның ой толғаныстары туғанда ғана шынайы өнер туады” дегеніне жанасатын сияқты. Менде тек ананың рөлін сомдайыншы деген мақсат болған жоқ. Дегенмен, сөзіңіздің жаны бар. Себебі, қандай да бір кейіпкерді сахнада бейнелеу үшін актер алдымен өзінің жан дүниесінде, ойында сақтаулы образдарды ақтара бастайды. Ізденеді. Бәлкім, менің жасым мен дүниетанымыма ананың образы дөп келгендіктен болса керек. Режиссер де пьесадағы кейіп-керге лайық типаж іздейді ғой.
– Рөлдеріңізге қалай дайындаласыз?
– Бейненің мазмұнына қарай әртүрлі дайындаламын. Көбінесе, өзіңіз айтпақшы, ананың рөлдерін сомдағандықтан, ана тақырыбына қатысты шығармаларды іздестіремін. Оқимын. Тоқимын. Өзім ана болғандықтан, ішкі жан дүниеме үңілемін. Өзім қайтер едім деген сан түрлі сұрақтарға жауап іздеймін. Биыл Жеңістің 70 жылдығына театрымыз Светлана Алексеевичтің “У войны не женское лицо” кітабының желісі бойынша “Әйелге әжім салған соғыс” атты қойылымды сахналады. Ондағы мақсат – сұм соғысты тағдырлары талқан болған әйелдердің бейнелері арқылы көрсету. Менің ондағы ойнаған рөлдерімнің бірі – баласын майдандас сарбаздары үшін құрбан еткен ананың бейнесі. Өзіңіз білесіз, кітапта әспеттелген барлық оқиға шынайы. Соғыстың басталған шағы. Жүкті әйелдің босанып, қолына сәбиін енді алған кез. Орман іші. Түн жамылып, сарбаздар орман ішінде жан сауғалауда. Тыңшының бірі жаудың орманға жақындап қалғанын хабарлайды. Дүниеге енді келген сәби үні тыныштықта одан сайын жаңғырып, отыз шақты сарбаздың өміріне қауіп төндіріп тұр. Байғұс ана екі күннен нәр татпаған аш құрсақ баласын уата алар емес. Орманды дүбірлеткен неміс иттерінің дауысы минут сайын жақыннан естіле бастады. Ана енді не істесін? Баласының алдында шыр көбелек айналса да, тыныштандыра алмады. Алдында тұрған суға толы бөшкеге сәбиін өз қолымен тұншықтырады. Отанды қорғайтын 30 сарбаздың өмірі үшін өзінің бауыр еті – баласын құрбан еткен ананың бейнесін сомдадым. Дүниеге енді келген сәбиін өз қолымен өлтірген ананы көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Сұрапыл соғыстың адам баласына әкелген қиянатын енді қалай суреттеуге болады? Меніңше, бұдан артық мысалдың қажеті жоқ. Бұл қойылымды қазіргі жастар көрсе екен деймін. Соғыстың аяқталғанына 70 жыл өтті. Одан бері қаншама ұрпақ дүниеге келді. Есейді. Бірақ соғыстың зардабы жайында өскелең ұрпақ ойлана бермейді. Бұл қойылым сол соғыстың қиянатын көз алдымызға тағы бір елестетті. Спектакльдің премьерасы боларда жұбайымның ұлдарымды да ертіп әкелгеніне қуандым. Қойылымнан кейін ұлдарым үйге дейін үнсіз келді. Табалдырықты аттағаннан кейін ғана спектакльден түйген ойларымен бөлісті. Бірі жылады. Екіншісі неге олай болды деп ойланды. Екеуі де бейбіт өмірдің құны бағасыз екенін түсінді. Әйел затын сыйлау керектігін тағы бір рет ұғынды.
– Бұл театрдың ойын-сауық отауы емес, тәрбие ордасы екендігінің айқын дәлелі сияқты.
– Әлбетте. Театр қоғамның рухани өсуіне септесетін, жаңа өмірдің насихатшысы емес пе?! Өнердің бізге берер бар қасиеті, құндылығы осы.
– Енді сахнада қандай рөлді сомдасам екен дейсіз?
– Менің басты мақсатым – оң-солын танып келе жатқан балаларыма үлгі болу. Қызметімде де, отбасында да осы қағидатты ұстанамын. Сахнаға жасандылық жат. Адам да солай. Жұбайыма адал жар, балаларыма аяулы ана, шынайы дос болғым келеді. Оларға тәртіпті бол, сабағыңды оқы, ерінбе деп айтқаннан гөрі оны ісіңмен көрсетсең, әлдеқайда тиімді. Бала естігенін емес, көргенін істейді. Олардың бойында бауырмалдық сынды қарапайым адами құндылықтарды тәрбиелегім келеді. Ал сахнадағы рөлдерім мұнымен тоқтамайды деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.