Қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова әлемнің үздік шахматшыларының рейтингісінде жоғарылады.
Танымал спортшы www. 2700chess. com онлайн рейтингісі бойынша әлемдегі “Топ – 10” шахматшы әйелдің қатарына енді. Отандасымыз шахматтан әлем чемпионы, ресейлік гроссмейстер Александра Костенюкті, Блицтен әлем чемпионы, грузиялық гроссмейстер Нана Дзагнидзені артта қалдырып, тоғызыншы орынға жайғасты.
Әлеуметтік желідегі жеке парақшасында: “Әлемдегі 9-шы шахматшымын!” – деп жазған Динара Сәдуақасова – Қазақстанның әйелдер құрамасының көшбасшысы. Елордалық спортшы – 2019 жылы Азия чемпионы, “Grand Swiss” турнирінің жеңімпазы. Ол, сондай-ақ, Эло рейтингінде 2500-ден көп ұпай алған алғашқы қазақстандық шахматшы.