«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДИҚАНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Қызылжар өңірінде болып, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты.

Бүгінде сайын дала қызу еңбек құшағында. Теріскейлік диқандар ылғал жабуды аяқтап, басқа да дайындық шараларына қызу кірісіп кеткен. Биыл барлық егіс алқабы 4,2 млн. гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар – 2,8 млн., майлы дақылдар – 955 мың, мал азығы – 352 мың, картоп – 32,5 мың, көкөніс – 6 мың гектарға егілмек. Жыл басынан бері 12,5 млрд. теңгеге 138 трактор, 31 егіс кешені, 205 тұқым сепкіш агрегат сатып алынған.
Өңір диқандарына жеңілдетілген бағамен 68,9 мың тонна дизель отыны бөлінген. “ҚазАгро” құрылымдары арқылы 19,4 млрд. теңгенің 502 өтінімі қаржыландырылған. Қажетті 130 мың тонна тыңайтқыштың жартысынан астамы жеткізілген. 493 мың тонна тұқым себуге дайын.
Егіс танаптарын аралаған Айдарбек Сапаров агроқұрылым жетекшілерімен кездесуде қағаз жүзіндегі есептерді нақты деректермен салыстырып отыратынын, жергілікті жерлердегі жағдаймен жіті таныс екенін жеткізді. Блокпостылардан өтуде кедергілер жоқ екенін фермерлер айтып берді. Диқандар карантиндік режімге қарамастан жоғары ұйымшылдықты талап ететін жауапты науқанды уақтылы атқаруға толық сенімді.
– “Көктемнің бір күні – жылға азық” демекші, мол өнім алуға бәріміз үміттіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көктемгі егіс жұмыстарына ешқандай кедергі болмайтынын атап көрсетіп, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдерге нақты міндеттер жүктеді. Осы науқанға және өнімді алдын ала сатып алуға 200 млрд. теңге қарастырылған. Оның 70 миллиарды тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыштар алуға бағытталады, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Бірінші вице-министр “Вишневское” ЖШС-нің ылғал жабылған алқаптарында болып, жердің құнарлылығын көрді. “Дайындық” серіктестігінің 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасын аралап, жұмысшылармен кездесті. Кейін “И.Зенченко” шаруашылығындағы ферма құрылысымен танысты.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp