БАҚ-тарда Солтүстік Қазақстан облысында орақ науқаны қарқынының төмендігі туралы үрейлі хабарлардың жарық көріп жатқандығына қарамастан, жергілікті диқандар ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер егін жинау маусымына нашар дайындалған деген өсек-аяңды жоққа шығаруда.
“Астық үшін айқас” солтүстікқазақстандық аграршылар үшін жеңіспен аяқталуға жақын. Оны Қазақстанның Еңбек Ері, “Зенченко және К” КС бас директоры Геннадий Зенченконың төмендегі сөздерінен де аңғаруға болады: “Директорлық қызмет атқарған 39 жылдың ішінде орақ басталған сәттен ауа райының астық жинауға кедергі келтіргенін бірінші рет көріп отырмын. Елу күн бойы жауын жауды. Бүгін тырнақ астынан кір іздейтіндер қуана қол соғуда. Бірақ егін жинауға өз дәрежесінде әзірлік жасалмады деген бос сөз. Гербицидтер, жәрдем-қаржылар, арзандатылған жанармай дер кезінде берілді. Соның арқасында өмірі болып көрмеген астық алдық, орташа гектар басы 31 центнерден, кей алқап 50 центнерден өнім берді. Бізде кәсіби механизаторлар да, жанар-жағармай да және жаңа техника да бар. Тек қолайлы ауа райы ғана жоқ – бар кінәні содан ғана іздеу керек”.
Өңірде шаруашылықтар бірінен соң бірі науқанды аяқтап жатыр. Солардың бірі – “Лұқбанов” ЖШС.
– Біздің шаруашылық орақ науқанын осыдан бір апта бұрын аяқтады. Әрине, биыл жеңіл болған жоқ. Маусым аграршылар үшін ауыр болды. Орақты мемлекеттің қолдауы мен өзіміздің тынымсыз еңбегіміздің арқасында аяқтап шықтық. Біз жәрдемқаржыны, дизель отынын дер кезінде алдық, жаңа техникаға жақсы жағдайда қол жеткіздік. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауын сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де көріп отырмыз, – дейді серіктестік басшысы, облысымыздың құрметті азаматы Мұхамеджан Лұқбанов.
– Биыл жанармай жеткізіп беру жөніндегі жұмыс басқа жылдарға қарағанда жақсы ұйымдастырылды. Орақ науқаны қиын жағдайда жүргізілуде, алайда, біз ауа райынан рақымшылық күтіп отырған жоқпыз – қолайсыз жағдайдан абыроймен шығудың жолын іздестірудеміз, астық жинаудың үйреншікті әдістерін жетілдірудеміз. Қазіргі уақытта 15 мың гектардың астығын жинап алдық, ол – дәнді дақылдардың 80 пайызы, – дейді үздік шаруашылықтардың бірі – “Раисовское” ЖШС-нің директоры Владимир Коваленко.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.