
Солтүстікқазақстандық диқандардың орақ науқаны алдында “Дала күнін” атап өтуі дәстүрге айналған. Биыл ол Аққайың ауданының Шағалалы ауылындағы облыстық тәжірибе станциясында өтті. Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың басшылығымен ұйымдастырылған алқалы жиында күзгі науқанға қатысты өзекті мәселелер қаралды.
Қатысушылар шаруашылықтың егін алқабын аралап, ондағы дәнді дақылдардың өсірілу технологиясымен танысып, астық шығымдылығын бағалады. Облыс әкімі бастаған топ “Омбы-35” бидайы және “Майқұдық” майлы дақылы өсірілген алқапқа ат басын тіреді. Ерік Хамзаұлы біздің өңір үшін таңдаулы болып табылатын “Омбы-35” бидайы сұрпының өсірілу технологиясына жоғары баға берді. Бұл алқаптағы бидайдың гектар берекелігі 25 центнерден айналады деп күтілуде. Жолдың екінші жағындағы рапстың “Майқұдық” сұрпының әр гектарының шығымдылығы 27 тоннадан кем болмайтынын естіген облыс басшысы аграршыларға өңірімізде майлы дақылдарды өңдейтін зауыттың іргетасы қаланып, оның биылғы жылдың желтоқсанында іске қосылатынын хабарлады.
Облыстық тәжірибе станциясының директоры Белгібай Қанафин қонақтарды орақ науқаны жүріп жатқан алқапқа бастап келді. Мұнда “SAMPO-Asia” комбайндарын тізгіндеген механизаторлар бидайды дестеге жығумен айналысып жатыр екен.
Алқап басында Ерік Сұлтанов журналистерге сұхбат берді.
– Өңір аграршылары орақ науқанына кірісті. Биылғы егіс алқабы 4 миллион 365 мың гектарды құраған болатын. Оның 3 миллион 217 мың гектары – дәнді дақылдар.
Мемлекеттің қолдауының арқасында орақ науқанына дайындығымыз жақсы. Биыл ауыл шаруашылығы саласына 23,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл былтырғыға қарағанда 6 миллиард теңгеге көп. Нәтижесінде жаңа 638 техника сатып алынды. Биыл ораққа 8 мың комбайн қатысады. Оның 3 мыңы – заманауи техникалар. 72 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, бұл мәселе толықтай шешілді. Жалпы сыйымдылығы 6,5 миллион тоннаны құрайтын астық қоймалары дайын, – деді өңір басшысы.
Облыс әкімі астықты сату мәселесіне де тоқталды. Ерік Хамзаұлының айтуынша, біздің өңірден астық сатып алуға Біріккен Араб Әмірлігінен, сондай-ақ, Иран, Өзбекстан, Ауғанстан мен Қытай қызығушылық танытып отыр. Шетелдерге астықты жеткізу үшін тиімді тасымал жолдары қарастырылуда.
Өңір басшысы станцияның картоп, түрлі шөптер егілген ғылыми-зерттеу алқаптарына да соқты. Шаруашылық мамандары жергілікті су қоймаларынан алынған шірік тұнбаны тыңайтқыш ретінде пайдаланып, картоп өнімділігін 73 пайызға арттыруға болатынын дәлелдеп отыр. Сондай-ақ, мамандар 16 түрлі шөпке селекция жұмыстарын жүргізіп, олардан өңіріміздің ауа райына бейімді сұрыптар шығармақ.
Облыстық тәжірибе станциясының жұмыстарымен танысқан соң аграршылар Шағалалы ауылында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы техникалары көрмесiн тамашалады. Көрмеге егіншілікке арналған тіркеме құрал-жабдықтардан бастап түрлі комбайндарға дейін қойылған.
Мәдениет үйінде өткен семинар-кеңесте республика бойынша ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштері, солтүстікқазақстандық агроқұрылымдардың егін орағына дайындығы, шаруашылықтарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар және ауа райының болжамы туралы ақпараттар айтылды.
Өңірлік агросектордың жайы туралы баяндама жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың айтуынша, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жақсы өнім алу үшін көктем мен жаз маусымдарында үлкен жұмыс жүргізген. Алайда, нормадан артық түскен жауын-шашын зиянкестер мен түрлі өсімдік ауруларының таралуына ықпал еткен. Десек те, биыл гектар берекелігі 17,5 центнерден асып, диқандардың төккен маңдай тері ақталады деген үміт бар.
Бүгінгі таңда агроқұрылымдар 250,1 мың гектар алқапты дестеге түсіріп үлгерді. Бұл – барлық егістіктің 7,8 пайызы. Осы күнге дейін 86,9 мың гектардың астығы бастырылып, 125,4 мың тонна астық жиналды. Орта есеппен гектар берекелігі 14,4 центнерден айналуда. Майлы дақылдардың 18,5 мың гектары бастырылып, 8,1 мың тонна өнім алынды.
Айдарбек Сейпілұлы өз сөзінде облыс агроқұрылымдары 461,5 мың гектар жерге 25,8 мың тонна тыңайтқыш сіңіргенін айтты. Минералды тыңайтқыштар сіңірілген алқаптарда гектар берекелігі 7 центнер жоғары болған.
Агроқұрылымдардың техникалық паркі жылдан-жылға жақсарып келеді. Биыл 6,6 миллиард теңгеге жаңа техникалар сатып алынды. Жыл басынан бері “ҚазАгроҚаржы” АҚ арқылы 1,3 миллиард теңгеге агролизинг берілген. Былтыр 22 комбайнын егін орағына қатыстырған “ҚазТехМаш” ЖШС биыл оны 50-ге жеткізбек. Сондай-ақ, Үкімет арзан бағамен бөлген 72 мың тонна жанармайдың литрі 95,5 теңгеден аспайтыны айтылды.
Жиында Ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаменті басшысының міндетін атқарушы Бақыт Ілиясов республика бойынша ауыл шаруашылығы саласының даму үдерісіне тоқталса, Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабеков ауданның орақ науқанына дайындығы туралы әңгімеледі.
Ал Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы “Тұқым” ЖШС-нің бас агрономы Евгений Дудов шаруашылықтың биыл мол өнім жинау үшін атқарып жатқан істерін тілге тиек етті. Облыстық гидрометеорология орталығының директоры Қымбат Мерғалымованың ақпаратына да жұрт құлақ түрді. Қымбат Ғұмарбекқызы тамыздың үшінші және қыркүйектің бірінші онкүндіктерінде диқандар үшін ауа райы қолайлы болады деген болжам айтты. Одан кейін жауын-шашын басталуы ықтимал.
Жиын соңында қатысушылар мемлекет тарапынан сатып алынатын бидайдың құны, электронды астық қолхаты туралы мәселелерге қатысты сауалдарына жауап алды.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.