Облыс диқандары көктемгі егіске сақадай сай дайын отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен брифингте ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров мәлімдеді.
Облыстың жалпы өңірлік өнімінің 23 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі. Жылына шамамен 300 миллиард теңгенің өнімі шығарылады, 2015 жылы бұл көрсеткіш 7,5 пайызға көбейіп, 311,1 миллиард теңге болды. Экономикалық белсенді тұрғындардың 35 пайызы немесе 118 мың адам ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді.
Басқарма басшысының айтуынша, өнімдерді экспортқа шығаруда да ілгері басушылық байқалады. Сыртқы тауар айналымы 535 миллион доллар екен, оның 458 миллионы – экспорт, 68 миллион доллары – импорт. Облыс негізінен бидай, ұн және майлы дақылдарды сатады. Ауыл шаруашылығы тауарларына сұраныстың артуы инвестиция тартуға оң ықпал етті. 2006 жылы бұл салаға 8 миллиард теңге инвестиция құйылса, 2015 жылы ол 44 миллиард теңгеге жеткен. Шамамен бес жарым есе өскен.
Аграрлық салаға мемлекет тарапынан қолдау жақсы. Биыл бюджеттен 40 миллиард теңге бөлінсе, оның 17 миллиарды – субсидия. Осының арқасында еліміздің ортақ қамбасына құйылатын астықтың 30 пайызын теріскей диқандары өсіріп беріп отыр. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мақсатында бірнеше тың жоба қолға алыныпты. Құны 31,3 миллиард теңге болатын 30 жоба жүзеге асырылып,1127 жұмыс орны ашылады.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы брифингке жиналған журналистердің көктемгі егіс науқанына дайындық барысы туралы қойған сауалдарына да жауап берді. “Биыл шаруашылықтар 4,4 миллион гектар алқапқа дән себуді көздеп отыр, оның 3,2 миллион гектарына дәнді, ал 469,7 мың гектарына майлы дақылдар, 653,6 мың гектарына жемазықтық дақылдар себу жоспарланған. 490 мың тонна тұқым дайындалды. Тұқым сұрыптарын ауыстыру және жаңарту бойынша айтарлықтай жұмыс атқарылды. Ресейден 5 мың тоннадай жоғары сапалы тұқым сатып алынды”, – деді ол.
Көктемгі қарбалас кезінде диқандар жанар-жағармай іздеп сабылмауы үшін Үкімет мұнай өңдеу зауыттарынан 65,5 мың тонна бөлген екен. Оның бағасы әр тоннасына 95421 теңгеден болады. Соқа-саймандар да сай көрінеді. Тек өткен жылдың өзінде 14 миллиард теңгеге өнімділігі жоғары 1127 жаңа техника сатып алыныпты. Жергілікті “ҚазТехМаш” зауыты шығарған 44 комбайнның 22-сі күзгі орақ кезінде өз тиімділігін көрсеткен.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.