«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДИҚАНДАР ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

Астанада отандық және шетелдік инвесторлар, салалық одақтар мен қауымдастықтар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен “Agro Forum – 2018” форумы өтті. Шара барысында Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев үздіктерді марапаттады. Сегіз аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Үздіктердің екеуі – Қызылжар өңірінен.

Екікүндік шарада ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу және инвестиция тартуға жағдайлар жасау, оның ішінде саланы цифрландыру, суармалы жерлердің аумағын кеңейту, олардың тиімділігін арттыру, тағы басқа да мәселелер талқыланды.

Агрофорум барысында еңбегі еленіп, марапатқа ие болған шаруашылықтардың бірі – өңіріміздегі “Атамекен-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік ауыл шаруашылығын цифрландырудың озық технологияларын кеңінен қолданып келеді. Мұндағы мамандар егіс алқаптарына минералдық тыңайтқыш сіңіруде, зиянкестермен, арамшөппен күресуде, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжауда “ақылды” технологияларға көп арқа сүйейді. Нәтижесінде серіктестікте еңбек өнімділігі соңғы 4 жылда екі есе артқан. Осындай жоғары жетістіктері үшін солтүстікқазақстандық агроқұрылым “АӨК-тегі цифрландырудың көшбасшысы” аталымына лайық деп танылды.

Тағы бір жүлде Сейілбек Махметовке бұйырды. Айыртау ауданындағы “Бабық-Бұрлық” серіктестігі “АӨК өнімі өндірісінің рекордшысы” аталымында жеңіске жетті. Үстіміздегі жылы шаруашылықтың дәнді дақылдар себілген алқабы гектарынан 62,5 центнер өнім беріп, өңір рекорды жаңартылды. Ал күзгі жиын-терімнің қорытындысы бойынша шаруашылықтағы орташа өнімділік 40 центнерді құрады.

Сейілбек Ғазезұлы – облыстағы бетке ұстар азаматтардың бірі. Ол басқаратын шаруашылықтағы жұмысшылардың орташа айлық еңбекақысы 141 мың теңгені құрады. Кәсіпкер Төменгi бұрлық ауылындағы тұрғын үйлерге орталықтандырылған жылу жүйесiн тартқан. Агроқұрылым басшылығы алдағы жылы жұмысшыларға арнап жаңа үйлер салуды жоспарлап отыр.

 Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp