«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДИҚАНДАР ЖЕҢІСІ

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұрнағы күні республикалық және облыстық телеарналардың тілшілеріне берген сұхбатында биылғы жылғы орақ науқанының қорытындысына тоқталды.

Үстіміздегі жылы солтүстікқазақстандық диқандар 5,6 миллион тонна астық жинады. Бұл республикалық жалпы түсімнің 30 пайызы болып табылады. Гектар берекелігі 18,2 центнерден айналды. Былтыр бұл көрсеткіш 17,6 центнер болған еді. Астық қабылдайтын және сақтайтын элеваторлар мен қоймалардың сыйымдылығы 6,6 миллион тоннаны құрайды.

– Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру жолында ауыл шаруашылығын әртараптандыру өз жемісін бере бастады. “Бүгінде мемлекет ауыл шаруашылығы саласын жүйелі түрде жетілдіруге және әртараптандыруға бағытталған саясат жүргізуде. Оны әрі қарай ілгерілетудің маңызды шарты – қайта өңделген өнім шығаруға көшу. Қазақстан әлемдегі экспорттық ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын ірі елдің бірі болуға тиіс”, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы астық жинау науқанының табысты аяқталуына байланысты ауыл еңбеккерлеріне жолдаған құттықтауында. Қызылжар өңірінің агроқұрылымдары жыл сайын майлы дақылдардың алқаптарын ұлғайта түсуде. Биыл майлы дақылдар 715 мың гектарға егілсе, келесі жылы оның көлемі 1 миллион гектарға дейін өседі, – деді Құмар Ақсақалов.

Алдағы жылдың көктемгі егіс жұмыстарына дайындық та қызу жүріп жатыр. Қазір жоспарланған үш миллион гектар алқаптың 80 пайызында сүдігер жыртылған. Биыл топыраққа 76 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірілсе, келесі жылы бұл көрсеткіш 100 мың тоннаға дейін жетеді. Үстіміздегі жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 7,5 миллиард теңгеге бір мыңнан аса жаңа техника сатып алды. Өңірдегі агроқұрылымдарға мемлекеттен биыл 44 миллиард теңге демеуқаржы бөлінді.

Тұқымды жаңарту жұмысы да ерекше бақылауға алынған. Биыл шаруашылықтар 25 мың тонна – элиталық тұқым, 4 мың тоннаға жуық түпнұсқа тұқымын септі. Соның нәтижесінде тұқымның 5,3 пайызы жаңартылды. Келесі жылы бұл көрсеткіш 7,5 пайызға дейін жетеді. Азық-түлік қауіпсіздігі ауыл шаруашылығындағы басым бағыттардың бірі болып саналады.

– Келесі жылы әр ауданда 20 гектар жерге картоп егіледі. Бұл іске шаруашылықтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар тартылмақ. Картопты шаруалар мен тұрғындардан сатып алатын сервистік-дайындау орталықтары құрылып жатыр, – деді өңір басшысы.

Биыл облыста 24 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Бұл құрылымдар халықтан сүт сатып алумен айналысуда, мал сою нүктелері де жұмыс істеуде. Сондай-ақ, кооперативтер қой және ара шаруашылығын дамытуда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp