Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов, сала ардагерлері, еңбек озаттары, озық шаруашылықтардың басшылары қатысты.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов аграрлы өңірдің аталмыш саладағы жетістіктеріне тоқталды.
– Бүгін алқапқа дән сеуіп, астық жинаған, шұрайлы жерге мал жайып, еліміздің экономикасына өзіндік үлесін қосып отырған адамдардың еңбегіне құрмет көрсететін ерекше күн. Аграрлы өңір диқандары бұл күнге үлкен жетістіктермен келіп отыр. Диқандарымыз жаңбырлы күзге қарамастан, биылғы орақ науқанын сәтті аяқтады. Алтын астық шығынсыз жиналып, келер жылға сапалы тұқым құйылды. Майлы дақылдан, картоп пен көкөністен де жақсы өнім алынды. Бұл көрсеткіштерге сіздердің ерен еңбектеріңіздің, осы салаға жасалған мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткіздік. Мен барша диқандар қауымын шын жүректен құттықтаймын, – деген Құмар Іргебайұлы солтүстікқазақстандық шаруаларға еңбекте жаңа жетістіктер, отбасыларына бақыт пен амандық тіледі.
Содан кейін жиналғандар алдында агросектордың бүгінгі жағдайы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл облыс диқандары 2,8 миллион гектар алқаптан 5,2 миллион тонна астық алған. Гектар шығымдылығы 18,7 центнерден айналды. 587 мың тонна картоп, 110 мың тонна көкөніс қоймаларға жеткізілді. Келесі жылдың қамына кіріскен диқандар 519,5 мың тонна тұқым құйып алған. Биыл бір миллион гектарға жуық алқапқа майлы дақыл сіңірген сала өкілдері әр гектардан 10 центнерге дейін өнім алды. Бұл – егінін баптаған диқанның жыл бойғы төккен терінің нәтижесі.
Салтанатты шарада биылғы ауыл шаруашылығы жылының қорытындысы шығарылды. Күзгі жиын-терім барысында әр гектар-дан орта есеппен 23,6 центнер өнім алған Қызылжар ауданы жеңімпаз деп танылды. Құмар Іргебайұлы Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасовқа 30 млн. теңгенің сертификатын табыстады. Ал Жамбыл және Аққайың аудандары жүлделі екінші, үшінші орындарды иеленді. Бұл аудандардың әкімдері Иван Турков пен Дәурен Байтөлешев сәйкесінше 20 және 10 млн. теңгенің сертификаттарын еншіледі.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жолында үздік нәтижелерге қол жеткізген шаруалар да қошеметке бөленді. Ауыл шаруашылығы саласына цифрлық технологияларды сәтті енгізе білген “Атамекен Агро” АҚ-ның бас директоры Кентал Еслямов, егістік алқаптарын әртараптандыру бойынша үздік танылған “БабықБұрлық” ЖШС-нің директоры Сейілбек Махме-тов және жоғары еңбек өнімділігіне қол жеткізген “Сервис Жарыс” ЖШС-нің құрылтайшысы Медет Төлегенов өңір басшысының арнайы сыйлығымен марапатталды.
Салтанатты шара барысында сала озаттарының да еңбегі ескерусіз қалмады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін “Шағала Агро” ЖШС-нің директоры Жомарт Омаровқа, “Шатило және К” ЖШСнің агрономы Сергей Симоновқа, “Тайынша Астық” ЖШСнің жетекшісі Казимир Жолновскийге, Айыртау аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Едірес Жәнәпинге және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Людмила Кунгурцеваға “Ауыл шаруашылығы саласының үздiгi” төсбелгiсi табысталды.
Ұзақ жылғы және адал еңбегi, облыстың агроөнеркәсiптiк кешенiн дамытуға қосқан үлесi үшiн 13 диқан облыс әкiмiнiң Құрмет грамотасымен марапатталса, тағы 9 жерлесіміз Алғыс хатқа ие болды. Марапат иелері әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, алдағы жылғы жауапты науқанда жетістіктерді еселей түсуге шақырды.
Салтанат соңында жиналған қауым назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Елімізге танымал әнші Қайрат Баекенов пен “Формат” тобы диқандарды әсем әуендерімен баурады.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Вадим МУДАРИСОВ.